Тікелей эфир

БҚО әкімі аудандардағы әлеуметтік нысандардың жай-күйімен танысты

Казталов ауданына жұмыс сапары барысында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев аудан орталығындағы 600 орындық Алма Оразбаева атындағы мектептің құрылысымен танысты.

Жоба құны 2754,3 млн теңге. Қолданысқа берілу уақыты кешеуілдеп жатқан білім ордасы ғимараты биыл жаңа оқу жылының екінші тоқсанында тапсырылмақ.

Аймақ басшысы мердігерге осындай тапсырма жүктеп, құрылысты сапалы атқаруды талап етті. Бұл нысанның жұмысын Нариман Төреғалиұлы тікелей өз бақылауыма аламын деп атап өтті:

"Мектеп құрылысы 1 кыркүйекке дейін бітпейтіні анық. Бірақ осы жылдың қарашасына дейін жұмыстарды толық аяқтап, ғимаратты қолданысқа тапсыруларың керек. Мердігер "Жиенбай" ЖШС басшылығына жұмысты сапалы атқаруды тапсырамын. Бұл нысан менің бақылауымда болады."

Құрылысы даулы білім ордасы 2020 жылы салына бастаған. Жауапты мердігер құрылыс жұмыстарының 95 пайызы бітіп тұрғанын айтты. Қазір ғимаратта еденге кафель, линолеум төсеу, вентиляция орнату, электрмен қамту, абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Ал Казталов ауданы Қарасу ауылдық округіне қарасты Жұлдыз ауылында жаңа мектеп құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді. Білім ошағының ашылу салтанатына өңір басшысы, аудан әкімі, мәслихат төрағасы қатысты.  Облыс орталығынан шалғайда жатқан Жұлдыз ауылындағы Ахмедияр Құсайынав атындағы ескі мектеп 1989 жылы салынған. Батыр атамыздың өзі қызмет жасаған ғимарат апатты деп танылғалы біраз жыл болған.

Бұл мәселенің шешімі тек 2020 жылы табылып, жаңа нысанның іргетасы ауылдың шетінен құйылған. Жаңа мектептің салтанатты түрде есігі айқара ашылып, жібек бау қиылды. Шарада сөз салған облыс басшысы ауыл тұрғындарын, мектеп ұжымын, оқушыларды құттықтап, мектепке теледидар сыйға тартты.

Мектеп құрылысын "АлауҚұрылыс" ЖШС бастағанымен аяқсыз қалдырған. Тек өткен жылы "Альтаир" ЖШС құрылысты қолға алып, толығымен аяқтап шығып отыр. Аймақ басшысы осы іс сапар барысында "Казталов-Жәнібек-РФ" жолының күрделі жөндеуден өту барысымен арнайы барып танысты.

"Юнисерв" ЖШС салып жатқан жолдың 4 және 53 шақырымындағы телімдерін қарап, сапаға көңіл бөлуді тағы бір мәрте еске салды. "ҚазАвтоЖол" АҚ БҚО бойынша филиалының директоры Қазбек Мәмбетовтің айтуынша, қазір бірінші телімінде асфальтті-бетонды жолдың төменгі қабатын төсеу толықтай аяқталып, енді жоғары қабаты салынып жатыр.

Облыс әкімі Казталов пен Жәнібек аудандарының шекаралас тұсындағы Ащыөзек өзені өтетін жерде салынып жатқан көпір құрылысының қарқынын сынға алды. Мердігер компания өкілінің айтуынша, құрылыста техника жетіспейді. Әсіресе экскаватор, тиеуіш , камаз секілді техникалар тапшы. Нариман Төреғалиұлы Оралға барған соң мердігер компания басшысымен хабарласып, техникаға қатысты мәселені шешуді тапсыратынын жеткізді.

 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары