Тікелей эфир

Биыл "Алматы жастары" бағдарламасымен 1 100 жас баспаналы болады

Өтініштерді қабылдау 15 мамырда басталып, 31 мамырға дейін жалғасады.

Биыл "Алматы жастары" бағдарламасы аясында 1 100 жас алматылық баспаналы болады. Бұл туралы Алматыдағы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында "Отбасы банк" АҚ қалалық филиалы директорының орынбасары Элизада Түретаева хабарлады.

Бағдарламаға өтініштерді қабылдау 15 мамырда басталып, 31 мамырға дейін жалғасады.

"Алматы жастары" бағдарламасы 2017 жылы басталған болатын. Қазіргі таңда қаланың жас тұрғындары арасында өте танымал. Осы уақыт аралығында біз қала басшылығымен бірлесіп 3 393 жас азаматты 52,5 млрд теңгеге баспанамен қамтамасыз еттік. Биыл бағдарламаны жүзеге асыруға 20 млрд теңге бөлінді, оның 17 млрд теңгесі – қалалық бюджеттен, 3 млрд теңгесі – Отбасы банкінен. Бұл қаражат 1 100 алматылық тұрғынның баспана мәселесін шешуге мүмкіндік береді", – деп түсіндірді Элизата Туретаева.

Тұрғын үй бағдарламасына өтінішті almaty-zhastary.kz сайтында беруге болады. Ол үшін ЭЦҚ қажет. Үміткердің жасы 35 жастан аспауы керек. Сонымен қатар ол қаладағы мемлекеттік, республикалық және қалалық ұйымдарда жұмыс істеуі қажет. Атап айтқанда:

  • дәрігерлер мен медбикелер;
  • мұғалімдер мен тәрбиешілер;
  • әртістер, жазушылар, суретшілер, композиторлар, мәдениет саласының қызметкерлері;
  • жаттықтырушылар мен спортшылар;
  • университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарының оқытушылары мен ғылыми қызметкерлері;
  • әлеуметтік сала қызметкерлері мен қалалық коммуналдық қызмет мамандары;
  • құқық қорғау органдарының қызметкерлері (ҚР ІІМ, ТЖД, қалалық прокуратура, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, Экономикалық тергеу департаменті);
  • журналистер мен БАҚ қызметкерлері (мемлекеттік және коммерциялық).

Үміткерлердің ресми жұмыс өтілі Алматы қаласында соңғы жарты жылдан кем болмауы тиіс .Сондай-ақ, бағдарлама қатысушысы мен оның отбасы мүшелерінде соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлік болмауы тиіс.


Оқи отырыңыз: "Алматы жастары" бағдарламасы аясында берілетін несие саны артады


Үміткерлер қалай іріктеледі?

Аlmaty-zhastary.kz сайтында өтініштерді қабылдау аяқталғаннан кейін Алматы қаласы тұрғын үй саясаты басқармасы үміткерлердің жиналған ұпайлары бойынша қатысушыларды іріктейді. Ұпай санына некеге тұрған жылдары, балаларының болуы, кәсібі бойынша үздіксіз еңбек өтілінің ұзақтығы, халықтың әлеуметтік осал топтарына жатуы әсер етеді.

Үміткер тізімі құрылғаннан кейін олардың барлығы төлем қабілеттілігін растау үшін Отбасы банкіне жолдама алады. Банк қатысушыға заем алу туралы оң шешім шыққан күннен бастап баспана іздеуге 45 күнтізбелік күн уақыт береді.


Оқи отырыңыз: "Бақытты отбасы" және "Шаңырақ" аясында 2023 жылы қанша тұрғын үй несиесі беріледі?


Алғашқы жарнаға қанша пайыз төлеу керек?

Пәтерді Алматы қаласындағы алғашқы немесе екінші нарықтардан, сондай-ақ "Қазақстан тұрғын үй компаниясы" АҚ кепілдігі бар нысандардан сатып алуға болады. Отбасы банк тұрғын үй сатып алуға 18 млн теңгеге дейін заем бере алады. Егер мүліктің құны 18 млн теңгеден жоғары болса, онда айырмашылықты қатысушы өз қаражаты есебінен төлей алады.

Алғашқы жарна кемінде 10 пайыз болуы керек. Несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі 5 пайыз болады. Несиені 25 жылға дейін алуға болады.

Серіктестер жаңалықтары