Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 123,2 мың этникалық қазақ оралды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жыл басынан бері Қазақстанға қандастардың жартысы, яғни 53,6%-ы – Өзбекстаннан, 19,6% – Қытайдан, 10,9% – Моңғолиядан, 7,8% – Ресейден, 5,9% – Түрікменстаннан және 2,2% басқа елдерден келді.
Осы жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 61,4%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 30%-ды және зейнеткерлер 8,5%-ды құрайды.
Оқи отырыңыз: 1 қазаннан бастап ХҚКО қандас мәртебесін алуға өтініш қабылдамайды.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 15,6%-ы жоғары білімді, 34,4%-ы орта кәсіби білімді, 41,2%-ы жалпы орта білімді.
"Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды. Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары. Қоныстандыру өңірлерінде 2023 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 1 925 адамды құрайды. 2023 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 1 773 қандас қоныс аударды", – деп жазылған баспасөз хабарламасында.
Жыл басынан бері 918 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 493 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды, 918 адам біржолғы субсидия алды, ал 383 қандасқа тұрғын үй шығындары субсидияланды.
Оқи отырыңыз: Жаңа жүйе іске қосылды: Қандас мәртебесі мен "Ата жолы" картасы қызметін көрсетеді.
Сонымен қатар ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданды. Тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4 млн теңгеге дейін мөлшерінде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілді.