Мемлекет басшысының атына Қуандық Бишімбаевтың отбасы мен туыстарының мүліктері мен активтеріне тәуелсіз тексеру жүргізу туралы жазылған ашық хат – петицияға қол қойғандар саны 8 күнде 17 мыңнан асты.
Петиция авторы, заңгер Вадим Курамшин Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы коррупциялық оқиғаға қатысы барын ескере отырып, әулеттің табыс көздеріне тексеру жүргізуді сұраған.
"Бұл қоғамның заңды мүдделерін қорғауға қызмет етіп қана қоймай, қылмыстық жолмен қол жеткізілген табыстарды заңдастыруға жол бермейді. Сондай-ақ, бұл Қазақстан азаматтарының жалпы құқық қорғау жүйесіне деген сенімін арттырады", – дейді Вадим Курамшин.
Оқи отырыңыз: Нүкенованың қандай жарақат салдарынан көз жұмғаны белгілі болды
Петиция авторының пікірінше, тексеру тағайындалған жағдайда ол ашық және объективті түрде, барлық тараптардың заңды мүдделері сақтала отырып жүргізілуі тиіс. Тексерудің барысы және қорытындысы, сондай-ақ оның аясында қолға алынған шаралардың бәрі жария болуы тиіс.
Петиция 1 сәуірде "Өтініш" платформасында жасалған. Оған қол қоюға әлі 23 күн бойы қолжетімділік болады.