Тікелей эфир

Бірінші президенттік жастар кадры резервіне енгендердің 63%-ы жұмыспен қамтылды

Президенттік жастар кадры резервіне өткен 50 адамның тізімі бүгін жарияланады.

2019 жылы президенттік жастар кадры резервіне іріктеліп алынған азаматтардың жартысынан көбі жұмыспен қамтылды. Өздері қалаған жағдайда алдағы үш жылда тағы жұмыспен қамтуға дайынбыз, деп мәлімдеді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар Жайылғанова.

"Бұған дейін іріктеліп алынған мамандардың 63%-ы жұмыспен қамтылды. Қалғандарының өзінің жұмысы бар. Сондықтан олар біз ұсынған жұмыстарға келіспеді. Олардың бұл мүмкіндікті пайдалануға әлі де 3 жыл уақыты бар. Егер қаласа, осы уақыт ішінде олар жұмыспен қамтылатын болады. Бірақ, көп жағдайда бас тартады. "Осы жердегі жұмысым жақсы, мен барғым келмейді" деп айтады", – деді Анар Жайылғанова.

Мұнымен қатар, агенттік төрайымы қай өңірлерде резервистердің саны көп екеніне тоқталды.

"Өңірлер бойынша есептейтін болсақ, Нұр-Сұлтан қаласынан – 35, Алматы – 3, Павлодар облысынан – 3 адам. Сондай-ақ, Шымкент пен Атырау облысынан – 2 адамнан, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай және Қызылорда облыстарынан – 3 адамнан", – деп қосты агенттік төрайымы.

Бұдан өзге Анар Жайылғанова мемлекеттік қызметкерлер санын қықсарту туралы шешімге қарамастан, резервке алынған 50 азаматтың бес жыл бойы міндетті түрде жұмыспен қамтылатынын мәлімдеді. Десе де, ол кейбірінің өзінің бұрынғы жұмысын көбірек ұнататынын жасырмады. 

"Биыл мемлекеттік қызметкерлер саны – 10%, келер жылы 15%-ға дейін қысқартылатын болады. Біздің агенттік бұл жоспарды осы жылдың басында орындап қойды. Осы 50 адамға оның ешқандай әсері болмайды. Өйткені, олар мықты, олар жұмыс істей алады. Әсіресе, ер адамдардың барлығы "Қай өңірге жіберсеңіздер, сол жерге барып жұмыс істеймін" деп айтты. Ал бізде тапшылық көбінесе өңірлерде – ауылдарда, аудандарда деген сияқты. Олардың кез келген жерге барып жұмыс істеуге дайын екені бізді қуантты. Бұл біз үшін өте жақсы жауап болды. Қыздардың көбісі "Менің отбасым бар, бара алмаймын" деді. Бірақ оларды да түсінуге болады. Бізге бастысы жоғарыдағылардың осы нәрсеге келісіп тұрған адами қасиеті, жұмыс біліктілігі. Президентке де осындай адамдар керек. "Жоқ, өзімді тексерейін деп келдім" дегендер бізге керек емес", – деді Анар Жаилғанова. 

Еске салсақ, мұғалімдердің жұмысқа енді конкурспен ғана қабылданатыны туралы хабарлаған едік. Алайда бұл өзгерістің шағын жинақты мектептерге қатысы жоқ.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары