"Бірі ауылда жұмыс жоқ десе, бірі жұмысшы жетіспейді дейді". Президент маман тапшылығы туралы

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі
Тоқаев кәсіпкерді өз ауыл-аймағының өркендеуіне үлес қосуға шақырды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумында сөйлеген сөзінде маман тапшылығына қатысты қызық жағдайға назар аударды. 

"Соңғы кездері ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерден жұмыс күші жетіспейтіні жөнінде көп өтініш түсіп жатыр. Бұл түйткіл, әсіресе, егін егу, жиын-терін науқанында, өндірісті кеңейту немесе жаңа нысандар құрылысы кезінде қатты сезіледі. Маман тапшылығы көршілес елдерден келетін еңбек мигранттары есебінен ішінара шешіледі. Шаруалар квотаны көбейтуді сұрайды. Олардың талабын ішінара орындауға болатын шығар. Бұл өзі қызық жағдай: бірі ауылда жұмыс жоқ десе, енді бірі жұмысшы жетіспейді деп шағымданады. Әрине, жұмыс бар, бірақ онымен шұғылданатын адам аз. Мұны мойындау керек", – деді президент. 

Қасым-Жомарт Тоқаев табысқа жеткен әрбір кәсіпкерді өз ауыл-аймағының өркендеуіне үлес қосуға шақырды.

"2019 жылдан бері "Ауыл – ел бесігі" жобасы жүзеге асырылып жатыр. Осы жоба аясында ауыл инфрақұрылымын дамытуға 700 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Бүкіл ел бойынша 2,5 мыңнан аса елді мекенде нақты жұмыс атқарылды. "Ауыл аманаты" бағдарламасы аясында 600-ден астам бірлестік құрылды. Үкімет биыл аймақтарды дамыту туралы арнайы тұжырымдама қабылдады. Соған сәйкес аудан әкімдерінің құзыры кеңейді. Енді олар ауданды дамыту жоспарын өз деңгейінде, дербес әзірлеп, жүзеге асыра алады. Әкімдер ірі компаниялармен келісім жасап, бірлескен шаруашылықтардың (кооперативтердің) өнімін өткізуге көмектесуі қажет. Жалпы, ауылға жеке инвестиция тарту өте маңызды. Бұл жұмысқа бизнес өкілдері белсене атсалысуы керек. Табысқа жеткен әрбір кәсіпкер өз ауыл-аймағының өркендеуіне үлес қосып, қаржы салса, еліміздегі көптеген елді мекен көркейе түсері анық", – деді мемлекет басшысы. 

Серіктестер жаңалықтары