2026 жылғы 14 шілдеде Қазақстанның мемлекеттік орман қоры аумағында 10 орман өрті тіркелді. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігі хабарлады.
Өрттердің ең көбі Ақмола облысында тіркелген. Жалпы өңірлер бойынша жағдай мынадай:
- Ақмола облысы – 4 өрт;
- Қостанай облысы – 2 өрт;
- Батыс Қазақстан облысы – 1 өрт;
- Қарағанды облысы – 1 өрт;
- "Бурабай" мемлекеттік ұлттық табиғи паркі – 1 өрт;
- "Семей орманы" мемлекеттік орман табиғи резерваты – 1 өрт.
Ведомствоның мәліметінше, өрт ошақтары "Қазавиаорманқорғау" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының әуе патрульдеуі, ерте анықтау жүйелері және мемлекеттік орман күзетінің тұрақты бақылауы барысында дер кезінде анықталған.
Өртті сөндіруге мемлекеттік орман күзетінің қызметкерлері, "Қазавиаорманқорғау" әуе өрт сөндіру десанттары, тікұшақтар, арнайы техника және өзара іс-қимыл аясында басқа да күштер мен құралдар жұмылдырылды.
Жедел әрі үйлесімді жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде өрттің елді мекендер мен орман алқаптарына таралуына жол берілмеген. Қазір өрт ошақтарын толық сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Жағдай тұрақты бақылауда.