Тікелей эфир

"Бір күндік шара болмауы керек". Сенат төрағасы балаларға қазақ тілінде контент жасаушыларды қолдауға шақырды

Парламент Сенаты Масс-медиа туралы Мәжіліс қабылдаған үш бірдей заңды қарап жатыр.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Мәдениет және ақпарат министрлігін балаларға қазақ тілінде контент жасаушыларды жүйелі қолдауға шақырды.

Мәулен Әшімбаев мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақовқа нақты ұсыныс айтты.

"Қанат Жұмабайұлы, осы мәселеге орай және екінші сұраққа байланысты айтсақ, кеше қазақ тілінде контент жасайтын креативті индустрия өкілдерінің форумына қатысып келдік. Сол жерде де осы қазақ тілінде балаларға контент жасап жүрген мамандар біраз мәселені көтерді. Бәрі қаржылық көмек мәселесін айтып жатыр. Сонымен қатар маркетинг мәселелері де тілге тиек болды. Жалпы ақпараттарға қол жеткізу мүмкіндіктері туралы да мәселелер көтеріп жатыр. Сіздер ақылдасып, Масс-медиа туралы заңды депутаттар қабылдап жатса, соның аясында балаларға қазақ тілінде контент жасап жүрген мамандарды орталықтарды қолдауларыңыз керек. Бізде өте жақсы, жас мамандар өсіп келе жатыр. Кеше біз оларды көрдік, ойларына, ұсыныстарына риза болдық. Біз жалпы мемлекет тарапынан осындай компанияларға бір күндік емес, жүйелі түрде көмек беруіміз керек. Грант күйінде болсын, басқа формаларда болсын, жас таланттарды қолдау бағытында жұмыс істеуіміз керек", – деді сенат төрағасы.

Айта кетейік, Парламент Сенаты Масс-медиа туралы Мәжіліс қабылдаған үш бірдей заңды қарап жатыр. Әңгіме «Масс-медиа туралы», «Кейбір заңнамалық актілерге масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекске масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заңдар туралы болып отыр.

Серіктестер жаңалықтары