Тікелей эфир

Бір көлік су – 7 мың теңге. Маңғыстау ауылында құбыр бар, бірақ су жоқ

Басқұдық ауылының 35 мың тұрғыны суды әрі тасып, әрі сатып алып ішуге мәжбүр.

Маңғыстау облысындағы Басқұдық ауылы екі аптадан бері суға зәру. Әр үйге келіп тұрған су крандары "үнсіз". Енді күндері тек су таситын көліктерге қараған. Алайда олар да үнемі кешігіп келеді. Бір көлік су құны – 7 мың теңге, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Ашынған халық айыпты жергілікті әкімдіктен іздейді. Айтуларынша, ауыл әкімдігі судың өзін "бизнеске" айналдырып отыр.

"Үйімізде су жоқ. Аристонымыз, "насосымыз" күйіп жатыр. Бұған кім кінәлі? Бізге "су болмайды" деп ешқандай хабар берген жоқ. 2 апта болды, мінекей. Үшінші аптада да су болмайды деп жатыр", – дейді ауыл тұрғыны Тазагүл Ілиясова.

Краннан су ақпағанына екі апта болғанымен, бұл жыл сайын қыста да, жазда да жиі болатын құбылыс екен. Мұны айтқан ауыл тұрғыны Айтпаш Қожахметова бір бүйірден қымбатшылық, екінші бүйірден су тапшылығы қысып тұрғанына шағымданды.

"Судың үстіне ақша қосып сатқанды қойсын. Суды құбырдан жіберсін. Кранды не үшін салып қойды? Су не жазда, не қыста жоқ. Бұл не масқарашылық", – дейді ол.

Ал Мұнайлы аудандық әкімдігі "МАЭК" серіктестігіндегі су тұшыту қондырғысы бұзылғандықтан Ақтау қаласының көпқабатты тұрғын үйлері сусыз қалды деп отыр. Сондықтан тіршілік нәрі ақтаулықтарға Мұнайлы ауданы үшін су өндіретін "Каспий су тұшыту зауытынан" беріліп жатыр.

"Бізге тиісті деңгейде су келмегеннен кейін құбыр арқылы осы тұрғындарға ауылдық елді мекендерге суды бере алмай отырмыз. Қазіргі таңда халықтың өтінішімен су тасымалдау жұмысы жүргізіліп жатыр", – деп түсіндірді Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Әлібек Өтегенов.

Серіктестер жаңалықтары