Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз: "Ғылымды Қытай тәрізді қашықта болса да іздеп тап" деген екен өзінің хадистерінің бірінде. Сол айтқандай, күн сайын қарыштап дамып келе жатқан мына заманда білім іздеп, ғылым жолына түскен жастар көп. Солардың бірі – біздің кейіпкеріміз Іңкәр Жұмаділ. Ол 1998 жылы 19 қаңтарда шырайлы Шымкент қаласында дүниеге келіп, өсіп, өнді. Мамандығы – биотехнолог. Жұбайы Жәнібек – жоғары білімді азамат. Мамандығы – заңгер, теміржолшы, энергетик. Екеуі – үлгілі отбасы. Екі перзенттің ата-анасы. Қазір олар Америкада тұрады. Қысқасы, Іңкәр білім нәрімен сусындап қана қоймай, Жабатаевтардың өрісін кеңейтіп келеді.
Іңкәр Айдарбекқызы 2004 жылы Шымкенттегі №33 орта мектепке түсіп, оны үздік бітіреді. Мектеп қабырғасында жүрген кезінен бастап, қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Қатарының алды болды. Сол кезде-ақ биология мен химия пәндеріне ерекше ықылас танытып, микроскоптың алдында сағаттар бойы отырды, сөйтіп қоршаған әлемді зерттеді. Сегізінші сыныпта оқып жүрген кезінде, мұғалімі Роза Сатыбалдиева оның оқуға деген ынта-ықыласын, ерекше дарынын байқап, қосымша сабақ алып, зертханалық жұмыстармен шұғылдануға шақырды. Сөйтіп, ғылыми зерттеулер әлеміне тереңірек үңілуге мүмкіндік берді. Соның арқасында биология пәні бойынша 10-сыныпқа дейін мектеп бағдарламасының барлық материалдарын меңгеріп алды. Бұл тәжірибе Іңкәр Айдарбекқызының биологияға деген қабілет-қарымын қалыптастырып, осы пәнді болашақ мамандығы ретінде таңдауға мүмкіндік берді.
Іңкәр Жұмаділ оқудан тыс уақытта спортпен шұғылданды. Нақтырақ айтсақ, 5 жыл бойы баскетбол және 1,5 жыл бойы альпинизммен айналысты. Бұл спорт түрлері оған тек ләззат сыйлап қана қоймай, сонымен қатар қиындыққа төзіп, шыңдалуға үйретті. Әсіресе, таудағы альпинизммен айналысуы – физикалық дамуына ықпал етті.
"Әкем Жұмаділов Айдарбек – әдіскер, ал анам Өтегенова Сайлау – химик-технолог-инженер. Олардың білім мен білігі, өз мамандықтарына деген адалдығы һәм құрметі мен үшін үлгі болды, – дейді Іңкәр Жұмаділ. – Ата-анам – бала кезімнен мен үшін тек ата-ана ғана емес, сонымен бірге маған шабыт беріп, жол сілтер бағдаршам, үлгі тұтар адамдар болды. Олар әрдайым білім мен ғылымға деген ықыласымды арттырып, ұлттық құндылықтарды бойыма сіңіріп отырды. Сол қасиеттер менің жеке тұлғалық және кәсіби дамуымның негізін қалады. Сондай-ақ қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруіме игі әсерін тигізді. Сондықтан да мен оларды қашанда құрмет тұтамын".
Іңкәр Айдарбекқызы 2015 жылы мектепті үздік бітіріп, ҰБТ (Ұлттық Бірыңғай Тестілеу) тапсырып, жоғары балл – 125-тен 110 балл жинап, төрт ең беделді университеттердің тегін оқу грантын жеңіп алды. Бұл – жас талапкер үшін үлкен жетістік әрі маңызды қадам болды.
Іңкәр Жұмаділ жүрек қалауымен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Биология және биотехнология факультетіне түсіп, QS World University Rankings нұсқасы бойынша жоғары позицияларды иеленеді. Сол оқу ордасында биология және биохимияны оқуды жалғастырып, білімі мен тәжірибесін дамытты. Сондай-ақ қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, "ҚазҰУ Мәслихаты" ұйымының мүшесі болды. Сөйтіп, қайырымдылық акциялары мен балалар үйлеріндегі волонтерлік қызметтерді қоса алғанда, түрлі іс-шаралар өткізді. Мұның бәрі оның жеке тұлға ретінде дамуына игі ықпал жасады.
"2018 жылы, университеттің үшінші курсында жүргенде, ғылыми зерттеулер әлеміне ендім, "Эпидемиология, Дәлелді медицина және биостатистика" кафедрасының меңгерушісі, құрметті профессор Ардақ Нұрбақытқызы басқаратын зерттеу тобына қосылдым. Осы кезеңде мен ғылыми эксперименттер жүргізіп, деректерді талдап және ғылыми пікірталастарға қатысу арқылы биотехнология және биостатистика саласында терең білім алдым. Профессор Ардақ Нұрбақытқызымен ынтымақтастығым 2023 жылға дейін созылды, сол кезеңде мен ғылым және медицина саласындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған инновациялық зерттеу әдістерін әзірлеу және енгізуге белсенді қатыстым. Бірлескен жұмысымыз барысында эксперименттік әдістеме, деректерді статистикалық талдау және ғылыми жазу саласында құнды тәжірибе алдым. Бұл – мен үшін ғылыми қалыптасуымдағы маңызды кезең. 2018 жылдан басталып, 2023 жылға дейінгі бесжылдық кезең – ғылыми жаңалықтар ашу мен кәсіби өсуге және профессор Ардақ Нұрбақытқызының мұқият басшылығымен ғылыми зерттеулер жасауға толы шақ, сондай-ақ менің ғылыми тұлғамның және кәсіби траекториямның қалыптасу кезеңі болды. Осы тәжірибенің арқасында мен биотехнология саласындағы білімім мен дағдыларымды кеңейтіп қана қоймай, ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру, топтық жұмыс және ғылыми идеялармен алмасу бойынша маңызды сабақтар алдым. Бұл кезең болашақ ғылыми жетістіктерімнің негізін қалап, менің ғылыми жолымның маңызды бөлігіне айналды", – дейді биотехнолог Іңкәр Айдарбекқызы.
Биотехнология денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, экология және өндіріс салаларында маңызды рөл атқарады. Мәселен, медицинада жаңа дәрілердің, вакциналардың және диагностикалық құралдардың дамуына ықпал етеді. Бұл салада генетикалық инженерия арқылы тұқым қуалайтын ауруларды емдеу, жасушалық терапия әдістерін жетілдіруге ықпал етеді. Ал ауыл шаруашылығында өсімдіктер мен жануарлардың төзімділігін жақсартып, өнімділікті арттырады, қоршаған ортаға зиян келтірмейтін әдістерді дамытуда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар экологияда қоршаған ортаны қорғау және қалпына келтіру әдістерін жетілдірсе, өндірісте биотехнология биоөнімдер өндіруде, биоматериалдарды дамытуда және өндірістік процестердің тиімділігін арттыруда қолданылады. Міне, осының өзі биотехнологияның біздің қоғамда атқаратын рөлі зор екенін көрсетеді.
"Мамандығым – мақтанышым" деген қағиданы ұстанған Іңкәр Жұмаділ алдағы уақытта эпидемиология және медицина саласындағы білімін одан әрі жетілдіріп, денсаулық сақтау бойынша қоғамдық бағдарламаларға қатысуды, медициналық зерттеулер жүргізуді немесе аурулармен күресудің алдын алу шараларын әзірлеуді қалайды. Бұл – оның басты мақсаты һәм мұраты. Қазіргі заман білімді де білікті жастардан соны талап етеді.
Марал Шайхы