Шетелде жұмыс істеп, табыс табуды жоспарлаған 100-ден астам қазақстандық студент Job2day компаниясын сотқа бермек. Жастардың айтуынша, компания Еуропаға жұмысқа орналастыру туралы келісімшарттағы міндеттемелерін орындамаған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Студенттердің сөзінше, олар Work and Travel бағдарламасы аясында Германияға барып жұмыс істеуді жоспарлаған. Алайда келісімшартта көрсетілген мерзімде жұмыс ұсынысы (offer) берілмей, шетелге аттану мүмкін болмаған.
Жастардың айтуынша, компания қызметі үшін әр студенттен 500 мыңнан 800 мың теңгеге дейін қаражат алынған. Кейбірі бұл ақшаны несие рәсімдеу арқылы төлеген.
Студент Сұлтан Мұхамеджанның айтуынша, келісімшартқа сәйкес, егер 31 мамырға дейін жұмыс ұсынысы келмесе, төленген қаражат толық қайтарылуы тиіс болған. Алайда осы уақытқа дейін көптеген студент ақшасын ала алмаған.
Ал студент Нұрай Рахманбек компания өкілдерінің ұзақ уақыт бойы байланысқа шықпағанын айтып, өздері ғана емес, ата-аналары да қаржылай шығынға ұшырағанын жеткізді.
Студенттердің мәліметінше, мұндай жағдайға Қазақстан бойынша 100-ден астам адам тап болған.
Өз кезегінде Job2day компаниясының атқарушы директоры Мирас Оразғалиев халықаралық серіктес компания келісімдегі міндеттемелерді толық орындамағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, азаматтардың бір бөлігі ғана Еуропаға кеткен, ал қалғандары елде қалып қойған. Сонымен қатар компания келісімшарт бойынша міндеттемелерден бас тартпайтынын және қаражатты кезең-кезеңімен қайтаруға дайын екенін айтты.
Ал ақшасын қайтара алмаған студенттер полицияға арыз жазған. Құқық қорғау органдары қазіргі уақытта аталған факті бойынша тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Егер компания әрекетінен заң бұзушылық анықталса, тиісті шаралар қабылданады.