Тікелей эфир

"Бес баламен сабылып жүрміз". Атырау облысында көпбалалы аналарға тиісті пәтерлер екі жылдан бері берілмеген

Құрылысына бюджеттен 8 миллиард 300 миллион теңге бөлінген төрт үй сапасыз салынған.

Атырау облысында көпбалалы аналар екі жыл бұрын қолданысқа берілуі тиіс баспаналарын әлі күнге дейін алмаған. Айтуларынша, қазір жалдамалы пәтер жағалап жүр, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" бағдарламасы.

Көпбалалы аналар 2021 жылы пайдалануға берілуі тиіс баспананың кілтін әлі күнге дейін алмағандарына аң-таң. 

"Бітіп тұрған үйді неге бермейді? Не беретінін, не бермейтінін айтсын. ТКШ мен мердігерге қашан беретіндеріңді айтыңдар деп бардым. "Жақсы, айтамыз" деген еді. Бірақ, еш нәтиже жоқ. Сабылып жүрміз, бес балам бар. Әлі қанша жүретініміз белгісіз. Біздерге нақты жауабын берсін", – деді көпбалалы ана Гүлназ Төлепова.

Олар әкімдіктегілердің есігін қағып, талай рет барғанымен құрғақ уәдені айтып шығарып салған.

"Төрт баламен бір бөлмелі пәтерде тұрамыз. Қазір бұлай кім тұрады, ойлап қараңыздаршы? Үйге кезекке тұрдық, береді деді әлі жоқ. Бәріне бардық, айтатындары бір. Біз сонда қайда барамыз? Үнемі зардап шегетін қара халық. Жүрміз әлі сандалып,– деді көпбалалы ана Гүлбағда Абдина.


Оқи отырыңыз: "Қоқыс терген ана": Қаңтар оқиғасынан кейін көмек сұрайтын көпбалалы аналар саны артты


Әкімдіктегілердің айтуынша, құрылыс жұмыстары 2019 жылы басталып, 2021 жылы үй тапсырылуы тиіс еді. Алайда, пандемия мен жобаға енгізілген түзетулер кесірінен жұмыстар кейінге шегерілген. 

"Мердігер мекеме мерзімінде аяқтамауына байланысты қазіргі таңда экономикалық сотқа талап-арыз жолданды. Жосықсыз қатынасушы деп тануға және тұрақсыздық айыбын өндіруге байланысты жолдадық. Салынған резервуар опырылып кеткен ішіне. Төртеуі де қазір пайдаға аспайды десек болады. Қайта қалпына келтіру керек", – деді Жылыой аудандық құрылыс бөлімінің бас маманы Дархан Сәдуов.

Үйлердің құрылысына бюджеттен 8 миллиард 300 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Мердігердің айтуынша, компания өкілдері баспана кем-кетіксіз салынған, тұрғындар үшін толық дайын. Тапсырыс берушілердің өздеріне таққан айыптарымен келіспей, сотқа берген.

"Үйлер толық дайын. Су, газ, электр желісінің бәрі қосылған. Қосымша су қоймасын тамыз айына дейін аяқтаймыз. Тапсырыс беруші баспананы сол су қоймасы үшін қабылдамай отыр. Негізі екеуі екі бөлек жоба. Тағы бір айта кететіні, әкімдік сыртқы жүйелерді бізден қабылдамай тұрып, 3 тарапқа заңсыз қолданысқа беріп отыр", – "Каспий кадрлар қауымдастығы" серіктестігінің жоба үйлестірушісі Әмірғали Сисенов.

Әкімдік бөлінген қаржының 1 миллиард 100 миллион теңгесін мердігерге әлі аудармаған. 

Серіктестер жаңалықтары