Белгілі ғалым, алаштанушы Ғарифолла Әнес қайтыс болды. Бұл қайғылы хабарды филология ғылымының докторы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Қыздархан Рысберген растады.
"Қазақ ғылымы, мәдениеті орны толмас қазаға ұшырады. Алаш азаматы Ғарифолла Әнестен айырылып қалды. Бақұл бол, қайран дос, аяулы Ғареке", – деп жазды ол.
Ғарифолла Қабдолқайырұлы Әнес 1957 жылы Құрманғазы ауданы Балқұдық ауылында туған.
Ұлттық ғылым академиясының Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері. Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің (Жаңалық ауылындағы) меңгерушісі. 1992 жылдан "Репрессияға ұшыраған Қазақстан зиялыларының мұрасын зерттейтін "Арыс" қорының және "Арыс" баспасының құрылтайшы-президенті.
2013 жылдан "Қазақстан тарихи-ағарту "Әділет" қоғамының" төрағалығын қоса атқарады. Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының вице-президенті, "Ана тілі" газетінің қоғамдық негіздегі кеңесшісі.
Ғарифолла Әнес "Құрмет", "Парасат" ордендерің иегері. Бірнеше мерекелік медальдармен марапатталған.