Үкімет басшысы Олжас Бектенов сенат депутаттарының сауалына орай, Қазақстанда мәслихат депутаттарының жұмысын цифрландыруға арналған е-Maslikhat жүйесін әзірлеуге қатысты жауап берді.
Премьер-министрдің айтуынша, бұған дейін Парламент өкілдерінің қатысуымен өткен жиындарда жергілікті өкілдік органдардың (мәслихаттардың – ред.) жұмысын цифрландыру бойынша айтылған ұсыныстар e-Parlament ақпараттық жүйесінде қамтылған.
Сондай-ақ, Олжас Бектенов оның базасында жеке е-Maslikhat ақпараттық жүйесін әзірлеу бойынша мәселенің сенаторлар ұсынысына орай қаралатынын атап өтті. Алайда, бұл – жұмыстың екінші кезеңі болмақ. Бірінші кезеңде жергілікті өкілдік органдардың бизнес процестеріне реинжиниринг жасалуы қажет.
Оқи отырыңыз: Сайлау тәртібінде өзгеріс: Президент, парламент сайлауына түсетіндерге талап күшейеді
Еске салайық, 2024 жылғы желтоқсанда сенатор Бибігүл Жексенбай e-Maslikhat атты бірыңғай цифрлық платформаны әзірлеуді ұсынды.
"Азаматтардың талқылауларға және шешімдер қабылдауға қатысуына арналған онлайн-құралдар жоқ. Автоматтандыру деңгейі төмен. Жұмыс процесінің басым бөлігі қағаз түрінде қалып отыр. Есеп беру және өзара іс-қимыл стандартталмаған және цифрлық құралдармен қамтамасыз етілмеген. Осы орайда е-Maslikhat жүйесін әзірлеуді ұсынамыз. Бұл құжат айналымын автоматтандыруға арналған бірыңғай цифрлық платформа болады. Оны eGov және е-Өтініш сияқты басқа мемлекеттік дерекқорлармен интеграциялау қажет", – деді сенат депутаты.