Алматы қаласында науқастардың 4%-дан астамы КВИ-ді дәріханаларда жұқтырған. Осы орайда Алматы қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы, қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин дәріханалардың 100% Ashyq-пен қамтылғанын мәлімдеді.
Бас мемлекеттік санитар дәрігер алматылықтардың КВИ жұқтыруының негізгі себептерін атады.
"Бірінші себеп – "Дельта" штамының асқан жылдамдықпен таралу қабілеті. Екінші себеп – алматылықтардың қоғамдық тамақтану орындары, қала маңындағы мейрамхана мен дәмханаларда өтіп жатқан тойларға баруы. Сондай-ақ, мұндай бұзушылықтар қала ішіндегі тамақтану орындарында да тіркеліп отыр. Үшінші себеп – азаматтарымыздың көбісінің әлі күнге дейін екпе алмауы. Өйткені, бұл індет вакцина алмаған тұрғындар арасында жиі кездесіп отыр. Тағы бір айта кететін жайт, қазір коронавирус 20-39 жас аралығындағы азаматтар арасында кеңінен тарап жатыр. Осы жастағы азаматтар көбінесе мейрамхана мен түнгі клубтарға барады. Нысанға бетперде тақпай кіреді, әлеуметтік қашықтық сақтамайды", – деді Жандарбек Бекшин.
Әрі қарай департамент басшысы Еуропа халқының кемінде 70%-ы екпе алғанын еске салды. Кей мемлекетте вакцина салдырған тұрғындар саны 90%-дан асады.
Алматыда коронавирусты жұқтыру жерлері:
- сауда орындары – 30%;
- отбасы – 18%;
- қоғамдық көлік – 15%;
- базар – 13%;
- саябақ пен жаяу жүргіншілер орны – 5%;
- дәріхана – 4%-дан жоғары.
"Қапшағай секілді әлеуметтік ара-қашықтық сақталмайтын жерлерде де адамдардың КВИ-ді жұқтыруы байқалып отыр. Өйткені, онда адамдар бетперде тақпайды. Соңғы уақытта дәріханаларда да жұқтырып жатқандықтан, нақты қай жерде жұқтырғандары анықталып, дәлелденіп жатыр. Мұны әрі қарай да болдырмау үшін "Атамекен" ҰКП дәріханаларға 100% Ashyq-пен кіру жүйесін енгізді. Дәріханалардан да қызыл мәртебесі бар азаматтарды анықтап жатырмыз. Осы шараның арқасында ауруды жұқтыруды алдын аламыз деген ойдамын", – деді дәрігер.
Еске салсақ, Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев ауруханаға бір минутта екі науқастың жатқызылып жатқанын мәлімдеді. Осы орайда маман тұрғындарды екпе алуға шақырды.