Тікелей эфир

Базардағы "базар": Алматыда алпыстан астам саудагер табыссыз қалуы мүмкін

Алматыда бір топ кәсіпкер "Көк базардың" жаңа басшылығынан зәбір көріп жатқанын айтты.

Саудагерлердің айтуынша, сауда орталығының әкімшілігі ауысқалы ондаған саудагер қудалауға ұшыраған. Яғни, жаңа басшылары 20 жылдан бері сауда жасап келген дүңгіршектерін босатуды талап еткен. Ал саудагерлер жан бағып отырған жалғыз табыс көзін тастап кетуден бас тартқан, себебі жөндеу жұмыстарына да миллиондап ақша салған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Осыдан 3 ай бұрын алпыстан астам саудагер Көк базар басшылығынан "дүңгіршекті босат" деген хабарлама алған. Сол күннен бері шырылдап, шағым айтып бармаған жерлері қалмапты. Ақыры, дүңгіршектердің заңсыз тұрғанын анықтаған, бірақ бұл сөзге де сенбейді. Бес жыл бұрын ғана әр саудагер қыруар ақшаға жөндеу жұмыстарын жасаған, демек ол кезде бәрі заңды болған. Енді, базар басшысы ауыса сала, жұмыстың бәрі заңсыз деп танылған.

"Біз бұл орындарды тегін берсін немесе сыйласын деп отырған жоқпыз. Бар болғаны, қолдағы тауарымызды сатып бітірсек дейміз. Тым құрығанда, жыл соңына дейін уақыт берсе екен. Әйтпесе, шығынға батамыз", – деді кәсіпкер Алина Ким.

Өткен жылы әкімдіктен келген ескерту құжатында көк базардың Жібек жолы көшесіндегі бөлігін қайта құрастыру қажеттігі жазылған. Ол үшін дүңгіршектер сүрілуі керек.

"Бес ай мерзім бар. Осы уақыт ішінде тауардың көбін сатып жіберуге болады. Кеңсе тауарларын сататын кәсіпкерлерге павильоннан арнайы орын ұсындық. Келіскендері көшіп үлгерді, бірақ орын саны аз. Жібек жолы көшесіндегі бірқатар нысандар сүріліп, кәсіпкерлер базарға ауысқан. Сондықтан бәріне бірдей орын жоқ", – деді Көк базардың бас директоры Ардақ Айтбаев.


Оқи отырыңыз: "Алтын Орда" базарындағы заң бұзушылықтар әлі тыйылмай тұр


 

Серіктестер жаңалықтары