Ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмылған ағайын науқанға бейжай қарамай жауапкершілік танытты. Солардың арасында Батыс Қазақстан облысының Янайкин ауылында тұратын бір топ жас келіндері сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауларын жасады. Араларында көп балалы аналар, білім, ветеринария, электр жүйесі, мемлекеттік қызмет, медицина, мәдениет және өзін-өзі жұмыспен қамту сияқты әртүрлі салаларда жұмыс істейтін келіндер ауызбіршілікпен өз таңдауларын жасады. Келіндердің ақ жаулықтары бастарынан түспеген. Олар "Абысын тату болса – ас көп" деген ұстанымда. Ал елдің бірлігі "Отбасындағы береке мен татулықтан басталады" дейді. Бүгінгі айтулы күні енелері бастап, абысынды-келіндер сайлау учаскесіне іргелері ажырамай, бірге барды. Солардың бірі – А.Аймагамбетова бүгінде ауылдық амбулаторияда еңбек етуде.
– Әр отбасыға жарық керек. Жарықсыз мына өмірдің мәнін елестету де мүмкін емес. Сондықтан анамыздың дана жолымен, дара жолымен берген тәлім-тәрбиесімен осынау маңызды науқанда өз ауызбіршілігімізбен, сыйластығымызбен ел ертеңі үшін дауыс бердік, – дейді А.Аймағамбетова.
Ауылдағы жас келіндер бір-бірімен тату-тәтті болып, отбасылық құндылықтарды дәріптей отырып, қоғамда үлгі болып отыр. Олар сайлауда дауыс беру арқылы өздерінің азаматтық құқықтарын пайдаланып, елдің болашағына жауапкершілікпен қарайтындарын көрсетті.
Осылайша ауылда тату-тәтті отбасы, береке мен бірліктің болуында әрқайсысының үлесі мен рөлі маңызды. Тек ынтымақпен ғана ас көп, береке мол болады.