Өңір әкімдігінде КПО, "Ақжайық" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы және кәсіпкерлердің қатысуымен кеңес өтті. "Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг" компаниясы мен әкімдік арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Келісімшарт мал шаруашылығы, сүт өндірісі, дәнді дақылдар мен көкөністер өсіру ісін дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізуді мақсат тұтады.
"Ауыл аманаты" бағдарламасы шеңберінде ірі мұнай өңдейтін "Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг" компаниясымен өндірісті дамыту жоспарлануда. Бағдарлама аясында ауылдық жерлерде шағын бизнесті құру және дамытуға қаржы бөлінеді. Бағдарламаның мақсаты – жергілікті тауар өндірушілерді қолдау және дайын ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізуге көмектесу. Мысалы, ауылдағы кәсіпкер өз өнімін жинап, оларды КПО-ның мердігерлік компаниясына жеткізеді. Кен өндіруші компания түскен тауарды әрі қарай сатады.
"КПО Б.В." комапниясында өнімдерді өткізушілер мен біздің өнімдерді өндірушілер арасында келісімге қол қойылып жатыр. "Ауыл аманаты" бағдарламасы жүзеге асырылғалы 2023 жылы 6 млрд 400 млн теңге 992 несие алушыға үлестіріліп берілсе, биыл солардан алынған өнімдер өндірілуде", – дейді "Aqjaiyq ӘКК" АҚ басқарма төрағасы Ержан Досмақов.
Президент өткен жылғы Жолдауында қойған басты міндеттердің бірі – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамызды өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жеткізу болатын. Бұл ретте, ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу мен өндірістік жылыжай шаруашылықтары және ауылдарды дамыту бағытындағы шағын шаруашылықтарды қолдауға "Ауыл аманаты" бағдарламасының қажет екенін атап өтті.
"Батыс Қазақстан облысында осы жолдаудан туындайтын міндеттерді іске асыру бағытында кешенді жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі кеңесте Батыс Қазақстан облысының әкімдігі мен өңірдегі ең ірі мұнай өңдеу компаниясы "Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг" арасында қол қойылған меморандумды талқылаймыз. 2023 жылғы 8 тамызда компания басшылығы, қызметкерлері және өңіріміздегі ет, сүт, өсімдік және құс шаруашылығымен айналысатын ірі кәсіпорындардың жетекшілері қатысқан кеңес өткізілді. Тұрғындар арасында бағдарламамен таныстыру және мемлекеттік қолдау алу мақсатында ауыл шаруашылығы кооперативтеріне бірігу туралы үнемі түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Кәсіпкерлердің өнімдерін ірі кәсіпорындар арқылы өткізуге көмектесу басты назарда", – деді БҚО әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов.
"Ауыл аманаты" жобасы аясында өндірісті дамыту және өнімді өткізу мақсатында 5 компания келісімшартқа қол қойды.