Бұл бағытта 44 жылыту пеші қызмет көрсетсе, алдағы үш жылда Қазақстан аумағында 14 пешті, Ресейде төрт пешті жаңалау жоспарлануда. Еліміздің үлесі – 80 пайыз. Пештердің басым бөлігі ескірген, жаңартуды талап етеді. Теңдесі жоқ инновациялық технологиялар қолданылған ерекше құрылғы Қазақстанда алғаш рет жасалып отыр. ТМД елдерінде мұндай пеш жасау мүмкіндігі болмағандықтан бұрын тек шет елдерде дайындалған. Тапсырыс беруші – "ҚазТрансОйл" АҚ.
Жаңа құрылғы Ақжайық ауданы, Ілбішін ауылында салтанатты түрде іске қосылды.
"Бүгін еліміздің екі қаласы үшін маңызды күн. "Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы" АҚ күрделі жабдықты тапсырыспен дайындады. Бұл тек өңір үшін ғана емес, ел үшін де айтулы оқиға. Біздің облыс үшін бұл – үлкен мәртебе. Бұрын ешқашан мұндай өнім шығарып көрген жоқпыз. Әрі машина жасау компаниясы "ҚазТрансОйл" АҚ-ның сенімін ақтады. Ел халқына қосымша табыс көзі пайда болды", – деді БҚО әкімі Ғали Есқалиев.
Жоба құны – 868 млн теңге. 350 млн теңгені тапсырыс беруші бөлген. Құрылғының жоғары өнімділігі – сағатына 600 текше метр.
Жылыту қуаттылығы – 12,2 МВт. Пештің іске қосылуымен жаңа 100 жұмыс орны құрылады.
"Өткен ғасырдың сексенінші жылдары мұндай пеш жасайтын зауыттар жабылды. Сондықтан біз Батыс Қазақстан машина жасау компаниясының қызметіне жүгініп, тасырыс бердік. Біраз уақыт жұмсалды. Бірақ, әнтиже ақтады. Біз бүгін ТМД-да баламасы жоқ, автоматтандырылған, заманауи пештің қосылуына куә боп тұрмыз", – деді "ҚазТрансОйл" АҚ бас директорының орынбасары Сәбит Арынов.
Айта кетейік, елімізде беделге ие "БҚМК" АҚ 2003 жылдан бері жұмыс істейді. Жылына қазынаға 1 млн 300 мың теңгеден астам салық төлейді. 827 адамды жұмыспен қамтып отырған отандық компанияның әлеуеті зор.