Өткен үш жылда тұрғын үй құрылысына мемлекеттік бюджет есебінен 55,9 млрд теңге бөлініп, 3 482 пәтер кілті тұрғындарға табысталған. 64 мыңға жуық адамға қызмет көрсететін су желісі бойынша 58 нысанның құрылысы мен жаңғыртылуына 17,8 млрд теңге жұмсалды.
Құрылыс материалдарының 20 пайызға дейін қымбаттауына қарамастан аймақта тұрғын үй салу ісі бәсеңдеген жоқ. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысы құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиев мәлімдеді.
2022 жыл соңына дейін жоспарланған жұмыстардың бәрі толықтай атқарылады. Биыл "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" ұлттық жобасы аясында Орал және Ақсай қалаларында 16 көппәтерлі тұрғын үй мен ауылдық елді мекендерде 71 тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр.
Бұл мақсатқа бюджеттен 13,9 млрд теңге қарастырылған. Облыста биыл мыңнан аса тұрғын қоныс тойын тойлайды деген жоспар бар.
"Бюджет қаражаты есебінен 5 көп қабатты үй, ауылдық елді мекендерде 54 тұрғын үй іске қосылады. 35 ауылдық елді мекенде сумен қамту бойынша 26 жоба іске асып жатыр. 22 елді мекен таза ауыз сумен қамтылады", – деді Батыс Қазақстан облысы құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиев.
Сондай-ақ, Орал қаласындағы "Ақжайық" жаңа шағын ауданы игеріліп жатыр. Қазір "Ақжайықта" 5 көп қабатты тұрғын үй бой көтеріп келеді. Жоба жоспары бойынша бәрін де 2023 жылы пайдалануға беру көзделген. Облыс бойынша әлеуметтік нысандарды салу жоспары қазірге дейін 62,4 пайыз орындалды.