Тікелей эфир

Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде түлектер мен қамқоршылар форумы өтті

Университетте шетелдік серіктестермен бірлескен 8 білім беру бағдарламасы бар.

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде түлектер мен қамқоршылар форумы өтті. Іргелі білім ордасының 17 жоғары және 19 жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламасы, оның ішінде 14 магистратура және 5 докторантура бағдарламасы бойынша білім беру қызметін жүргізуге лицензиялары бар. 48 жоғары және 45 жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары тіркелген. Барлығы 5 жыл мерзімге толық аккредиттеуден өткен және тәуелсіз рейтингтік агенттіктерден жоғары баға алып отыр.

Сондай-ақ, университетте Қытай, Ресей, Өзбекстан, Беларусь сияқты елдердің шетелдік серіктестерімен бірлескен 8 білім беру бағдарламасы бар. Бүгінде Жәңгір хан университетінің түлектері өңірдегі және елдегі алдыңғы қатарлы кәсіпорындарда, өндірістерде және ауылшаруашылық саласында қызмет етіп істейді. Олардың ішінде жоғары басшылық лауазымдарды атқарып жүрген білікті мамандар бар. 

"Бүгін біз үшін ерекше күн. Мен осы жоғары оқу орнына 1993 жылы оқуға түстім, 1998 жылы бітірдім. Ұстаздарыма рақмет айтамын. Бүгінде құрылыс саласында еңбек етіп жүрмін. Студенттерге бар зейіндерін салып, білім алуды тілеймін. Болашақта білімсіздің күні жоқ. Ертеңгі күні алға қойған мақсаттарына жетсін жастар", – деп тілек білдірді кездесуге келген "Батыс Қазақстан құрылыс материалдары корпорациясы" АҚ директоры орынбасары қызметін атқарып осы оқу орнының түлегі Айбек Каримов. 

Ал Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев университет ұжымын мерейтоймен құттықтап, оқу орнының мемлекет мен аймақ дамуына қосқан үлесі зор екенін атап өтті.

"Университет дипломын қолына алған жастарға үлкен мүмкіндіктер ашылады. Білім сапасын қамтамасыз ету жөніндегі тәуелсіз агенттіктің 2022 жылғы қорытындысы бойынша Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті жетекші техникалық университеттердің рейтингісінде 4-орынға ие болды. Ол – үлкен жетістік. Университет өз түлектерімен мақтанады. Бүгінгі залда отырған түлектердің басым бөлігі – өз саласында табысты, үлкен жетістікке жеткен, өмірлік тәжірибесі бар білікті жандар. БҚО-да барлық салада абыройлы еңбек етіп жүрген мамандар – Жәңгір хан университетінде білім алғанын мақтанышпен айта аламыз", – деген аймақ басшысы іс-шараға қатысушыларды келе жатқан Республика күнімен де құттықтады. 

Бүгінде университетте 344 профессор-оқытушы құрамы өкілі жұмыс істейді. Оның ішінде 12 профессор, 15 ғылым докторы, 25 доцент, 70 ғылым кандидаты бар. ЖОО-ның басты міндеті – еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлау.

"Оқу орнының материалдық-техникалық базасы өте мықты. Аумағы 70 гектарды алып жатыр. Барлық мамандық бойынша білім алушыларға сабақ өткізетін жеке ғимараттар бар. Студенттер жатақханамен 100 пайыз қамтылған. Асхана, спорт кешені, медициналық орталық бәрі бар. Бұл білім алуға барлық жағдай жасалғанын білдіреді", – деген ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, оқу орнының ардагер ұстазы Қазыбай Бозымов. 

Биыл Жәңгір хан атындағы аграрлық-техникалық университеті 1300-ден астам бірінші курс студентін оқуға қабылдады. Жаңа оқу жылын 4 мыңға жуық студентпен бастады. БҚАТУ білім сапасы бойынша Қазақстанның жоғары оқу орындары арасында 18-ші және Орталық Азия жоғары оқу орындары арасында 23-ші орынды иеленді.

Серіктестер жаңалықтары