Тікелей эфир

Батыс Қытай – Батыс Еуропа тас жолының Қызылорда қаласына кіре берісінде жаңа жолайрық ашылды

Жобаның құны – 5 миллиард 700 миллион теңге.

6 миллиард теңгеге жуық қаражатқа салынған айналма жолдың арқасында трасса бойындағы көлік кептелісі де азаятын болды. Одан бөлек қалада темір жолдың үстінен өтетін жаяу жүргіншілерге арналған көпір пайдалануға берілді, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Қызылорда қаласын теміржол екіге бөледі. Қазір шойын жол маңында тұратын халық саны едәуір артқан. Ал көпшілік бұған дейін қала орталығына қатынау үшін күніне бірнеше пойыз жүретін қауіпті темір жолдан өтуге мәжбүр болатын. Енді бұл мәселе толығымен шешімін тапты. Қаланың екі бөлігін байланыстыратын жаяу жүргіншілерге арналған көпір ел игілігіне берілді.

"Қала тұрғындарына керемет көпір беріп жатыр. Қуаныштымыз. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі біз сияқты азаматтарға өте ыңғайлы. Жағдай жасалған", – деді Қызылорда қаласының тұрғыны Қалмұрат Рахманбердиев.


Оқи отырыңыз: Шымкент: Қонаев–Рысқұлов жолайырығы ресми түрде ашылды


Сондай-ақ, тәуелсіздік мерекесі күні Батыс Қытай – Батыс Еуропа тас жолының қаланың сол жағалауына кіреберіс бөлігінде жолайрық ашылды. Жобаның құны – 5 миллиард 700 миллион теңге.

"Жоба екі эстакададан тұрады. 225 метрден құралған. Екі демалу аймағы бар. Трассаның ұзындығы 800 метрді құрайды. Жоба қазір толық бітті. Жол көлік тығынын азайтуға осы көпірдің пайдасы зор. Халықаралық трассадан күніне шамамен он мың көлік жүреді. Бұған дейін тас жолдың қалаға кіреберісі бөлігінде көлік кептелісі жиі болатын. Енді жүргізушілер дәл осы тұста сағаттап тұрмайтын болды. Одан бөлек пайдалануға берілген жолайрықтың апаттардың алдын алуға да маңызы зор", – деді Қызылорда облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Жәнібек Сыздықов.

Серіктестер жаңалықтары