Тікелей эфир

Батыс Қазақстанда суды аса қажет етпейтін дәнді, майлы және мал азықтық дақылдар егіледі

Облыс диқандары биыл өнім жақсы жиналады деп болжап отыр.

Өйткені, биыл жоспар 107,5% орындалған. Әрі ауа райы да егістікке қолайлы болып отыр. Қазіргі таңда шаруалар күздік дәнді дақылдарды орып жатыр. Мамандар өнім шығымына жоғары баға берді.

"Егіс науқанының қорытындысы бойынша биыл барлық ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы – 559,9 мың га құрады. Бұл жоспардан 107,5% немесе 38,8 мың га көп. Жоспар – 521,1 мың га еді. Оның ішінде дәнді дақылдар – 198,7 мың га, майлы дақылдар – 177,0 мың га, мал азықтық дақылдар – 174,7 мың га және картоп, көкөніс және бақша дақылдары 9,4 мың га егілді", – деді БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының астық және тұқым инспекциясы бөлімінің бас маманы Асылболат Кубиев.

Жақсы өнім алу үшін судың маңызы зор. Қазір облыста заманауи суару тәсілдері арқылы 7 312,8 га алқап суарылды, соның ішінде:

  • жаңбырлатып суару – 5 334,5 га;
  • тамшылатып суару – 712,6 га;
  • өзге де тәсілдер – 1 265,7 га.

Суармалы алқаптар негізінен жеміс-көкөніс және мал азықтық дақылдарды өсіру үшін пайдаланылып жатыр. Соңғы жылдары мал өсіретін шаруалар берік мал азығы қорын дайындау мақсатында азықтық дақылдарды өсіру үшін заманауи жаңбырлатқыш машиналарды сатып алып, жаңа суармалы жерлерді айналымға енгізуге қызығушылық танытып отыр.

"Бұл технологияларды пайдалану суды 30 пайызға дейін үнемдеуге, еңбек шығындары мен өндірістік шығындарды (электр энергиясы, дизель отыны, тағы басқа) азайтуға мүмкіндік береді. Жалпы, өңірде суды көп қажет ететін мақта, күріш, қан қызылшасы секілді дақылдар өсірілмейді. Негізінен дәнді, майлы және мал азықтық дақылдар егіледі. Бұл да су үнемдеу үшін аса маңызды", – деді Асылболат Кубиев. 

Айта кетейік, облыста өсірілетін бидай, жемдік азықтық дақылдары және көкөніс өнімдері  еліміздің Ақтөбе, Түркістан, Атырау облыстарына, сонымен қатар Ресей, Өзбекстан, Қытай мен Ауғанстанға экспортталады. Сонымен қатар, Батыс Қазақстан облысы Ресей Федерациясының бес облысымен (Астрахань, Волгоград, Орынбор, Самара және Саратов облыстары) шектесетін болғандықтан, экспортталған өнімдердің бір бөлігі басқа елдерден импортталатын транзиттік жүктерге тиесілі. 

Мөлдір Ибадуллаева

Серіктестер жаңалықтары