Тікелей эфир

Батыс Қазақстанда 2025 жылға дейін 77 мектеп салу жоспарланған

depositphotos.com
depositphotos.com
Үш жыл ішінде елде кемінде 1000 мектеп салынуы тиіс.

Бұл туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылдың 1 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған еді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай Батыс Қазақстан облысы апатты және үш ауысымды мектептерді жою мақсатында қарқынды жұмыс істеп жатыр. Айта кетейік, қазір 10 үш ауысымды және 6 апатты мектеп бар.

Биыл БҚО-да жаңа 8 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін 6 мектепті аяқтау жоспарланып отыр. Яғни, халық игілігіне беріледі. Сондай-ақ КПО.б.в компаниясы қаражаты есебінен 60 және 108 орындық 15 шағын жинақты мектеп салу жоспары бар. 

"Облыста Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдаулары, "Білімді ұлт" сапалы білім беру" ұлттық жобасы", Amanat партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру үшін шаралар қолға алынып жатыр. Ел Президентінің 2021 жылдың 1 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына Жолдауы аясында 2025 жылдың соңына дейін 1000 мектептің құрылысы анықталды, облыс бойынша 77 жаңа жалпы білім беретін мектептің құрылысы жоспарланған. Оның ішінде 51 шағын жинақты мектеп, 26 мақсатты мектеп", – деді БҚО білім басқармасы басшысының орынбасары Светлана Темірғалиева.

Сонымен қатар, облыста балаларды қосымша білім берумен қамту 91,3%-ды құрайды. Жалпы саны 50 қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді, оның ішінде 1 Оқушылар сарайы, 13 мектептен тыс жұмыс орталығы, 3 өнер мектебі, 14 музыка мектебі, 14 балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығы, 2 балалар техникалық шығармашылық орталығы, 1 көркемсурет мектебі, 1 экологиялық-биологиялық орталық және 1 "Дарын" қосымша білім беру орталығы. 

Қазіргі таңда білім беру жүйесін әдістемелік тұрғыдан қолдау мақсатында түрлі инновациялық жобалар да іске асырылуда. Мәселен, "Білімді ұлт" сапалы білім беру ұлттық жобасы қала мен ауылда білім алатын оқушылар арасындағы білім сапасындағы алшақтықты қысқарту, нәтижелілігі төмен ауыл мектептеріне инновациялық мектептердің қамқорлығын жүзеге асыру мақсатында іске асырылып отыр. 

"Ауыл мектептеріне қолдау көрсету бағытында MOBILE SCHOOL жобасы енгізіліп, Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университеті және Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеттері аудандар мектептерімен бірлескен жұмыстар жүргізіп жатыр. Озық тәжірибелерді ұсыну, білім алушыларға білім беруде, математикалық сайыстарға дайындауда бағыт-бағдар беру "Интеллект әлемі" жоба аясында "Математикалық құзыреттілік",  "Олимп жолы", "Сабақ – оқытудың басты формасы", "Әдістемелік шеберлік" тірек мектептері  жұмыс жасады", – деді Светлана Темірғалиева.

Айта кетейік, БҚО-да 2021-2022 оқу жылында мектепте 114 мыңнан астам оқушы білім алды. Жалпы, 379 жалпы білім беретін мектеп пен 523 мектепке дейінгі ұйым бар.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары