Тікелей эфир

Батыс Қазақстан облысының Жамбыл ауылында жаңа мектеп ашылды

300-ден астам оқушыға арналған білім ордасы салтанатты түрде ашылды.

Мектептің құрылысына қазынадан 1 462,9 миллион теңге қаражат бөлінген. Барлық заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген ғимаратта интернат пен бөбекжай бар. Бәйтерек ауданы Жамбыл ауылы тұрғындарының осы қуанышына ортақтаса барған Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев көптен күткен мектептің ашылуы үлкен мереке екенін атап өтті. Себебі бұрын балалар аядай нысандағы ескі сыныптарда білім алған болатын.

"Еліміздік дамуы мен болашағы-мәдениетті, білімді, дені сау ұрпаққа байланысты. Әрине, осының барлығы, бала бойындағы игі қасиеттер отбасынан, мектептен басталады. Сондықтан қазір мұғалімдерімізге, ата-аналарымызға жүктелген жауапкершілік үлкен. Біздер бұл саланы жіті назарда ұстауға тырысып келеміз. Қазір облыс бойынша апатты мектептерді жою бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Алдағы бес жылда жоспар бойынша 77 мектеп салып, пайдалануға беруіміз керек. Биылдың өзінде алты білім ошағы іске қосылуы қажет. Жақында ғана Борлы тау ауданындағы жаңа мектеп оқушыларға есігін айқара ашты. Бүгін, міне, сіздің ауылда да сондай қуаныштың куәсі болудамыз. Ауқымды істерді бастамастан бұрын әрқашан ауылдың болашағы бар ма, жоқ па? Сол мәселені ескереміз. Сіздердің ауылдарыңызға көшіп келушілер саны жыл санап артып келеді. Бұл өз кезегінде жаңа мектеп салуға сұранысты арттырды. Ұстаздар қауымы ата-аналармен бірлесіп, балаларымызға жақсы білім мен тәрбие береді деп сенеміз", – деді салтанатты рәсімде сөз алған облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Ауылда 600-ге тарта тұрғын бар. Мектептің ашылуымен 25 жаңа жұмыс орны пайда болған. Алдағы уақытта тағы 10 адамды еңбекке тарту көзделіп отыр. Оқушылардың жан-жақты, алаңсыз білім алуына барлық жағдай жасалып, сыныптар жаңа, заманауи технологиямен жабдықталған. Мектепте 25 педагог қызмет атқарады.

"Жаңа мектептің 26 кабинеті бар. Соны ішінде информатика кабинеті, 2 даярлық тобы, биология кабинеті, үлкен кітапхана, жақсы спорт зал бар. Біздің балалар мұндай спорт залды көрмеген. Барлық құрал-жабдықтармен қамтылыпты. Асханамыз бар. Бұрынғы мектепте асхана болмаған еді. Үзіліс кезінде оқушыларға тамақтануға жағдай жасалып отыр", – дейді жаңадан қолданысқа берілген мектептің директоры Шыңғыс Мұрзаболатов.

Жамбыл ауылында 100-ден аса мектеп жасындағы бала бар екен. Оған қоса енді жақын маңдағы үш ауылдың балалары осы мектепке қатынап оқитын болады. Осы кезге дейін негізгі мектеп ретінде жұмыс жасаса, енді БҚО әкімдігінің қаулысымен жалпы орта білім беретін мектеп мәртебесі берілді. Қазіргі кезде оқушы саны 174-ке жетіп отыр. Оқыту аралас тілде жүргізіліп, 65 бала Октябрь ауылынан келсе, Зеленыйдан 42 оқушы қатынап оқитын болады. Айта кетейік, ескі мектепте тек 9 жылдық білім беру қарастырылған еді. Ал жоғары сынып оқушыларын Асан және Мичурин ауылындағы мектептерге қатынап оқитын. Жергілікті оқушылар мен ата-аналардың қуанышында шек жоқ.

"Бұрын ескі мектепте оқыдық. Ол осы ауылда орналасқан. Жаңа мектеп ұнап жатыр. Бәрі жақсы екен. Мен 8 сыныпқа көштім. Енді 11-ші сыныпты өз ауылымда тәмамдайтын болдым", – дейді мектептің ашылуын асыға күткен оқушылардың бірі Құрманғазы Жантөре.

Бала-шағасын осы білім ордасына ілестіре келген Фарида Амандәулетова есімді тұрғын 15 жыл бойы жаңа мектептің салынуын күткенін айтады. Себебі ескі мектептің сиқы кетіп, апатты жағдайға түскен болатын. Ал жоғары сынып оқушылары басқа ауылға тасымалдау қауіпті, әрі ыңғайсыз. Енді екі немересін су жаңа мектепке сабаққа әкелсе, тағы екі кішкентай немересін ғимарат қабырғасындағы бөбекжайға бергелі отыр. Ауыл үшін бұл думанды күн болды. Құрылыс жұмыстары кезінде 20 жергілікті азамат мектептің бой көтеруіне атсалысқан. Барлығы да бұл көптен күткен ақ түйенің қарыны жарылған күн болды деп қуаныштарын жасырмады. 

БҚО-ның жеті ауданында бүгінде бұдан өзге жеке компанияның қаражатына 16 шағын жинақты мектеп құрылысы қолға алынған. Сонымен қатар Мичурин ауылдық округінде ауқымды іс алға басып, жол мәселесі шешімін табуда.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары