Тікелей эфир

Басыңызда үй болмауы шарт емес: "Ұмай" бағдарламасының артықшылықтары қандай?

Аталған бағдарлама аясында пәтерді жөндеу жұмыстарына несие беріледі.

Әйелдерге арналған "Ұмай" бағдарламасымен құны 30 млн теңгеден аспайтын пәтерді ипотекаға рәсімдеуге болады. Басты шарт – несие алушының айлық табысы 320 мың теңгеден аспауы тиіс. "Отбасы" банкінің кеңесшісі аталған бағдарламаның шарты мен тиімді тұстарын түсіндірді.

  • несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі – 12% (ЖТСМ 12,2%-тен басталады);
  • жинақ мерзімі біткеннен кейінгі жылдық мөлшерлеме – 3,5-5% (ЖТСМ 3,6-5,2%);
  • бастапқы жарна – 15-20%;
  • несие алушының бір айдағы кірісі – 320 мың теңгеден аспауы тиіс;
  • несие мерзімі – 25 жыл;
  • үй бағасы – 30 млн теңгеден аспауы тиіс;
  • отбасы банкіндегі депозитке бастапқы жарна салу міндетті емес.

"Көп қазақстандық "Ұмай" бағдарламасының пайыздық мөлшерлемесінің жоғары екенін айтып жатыр. Осы тұста азаматтар несиені толықтай 12% мөлшерлемемен өтемейтінін түсінуі керек. Депозитке көбірек ақша салып, несиенің 50%-ын жапқан соң, 12% мөлшерлемені 3,5%-ға дейін төмендету мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, бұл бағдарламада атыңызда үй болмауы керек деген шарт жоқ", – деп түсіндірді банк қызметшісі. 

"Ұмай" бағдарламасымен қазақстандық әйелдер тікелей құрылыс компанияларына салымшы болып, үйді салынып жатқан кезде сатып ала алады. Бірақ бұл үшін оларда "үйдің құрылысы аяқталады" деген компания берген кепілдеменің болуы шарт. 

Мұнымен қатар, тұрғын үй банкінің кеңесшісі 3 миллион 700 мың теңге көлемінде пәтер жөндеу жұмыстарына несие берілетінін айтты. Оның мерзімі – 10 жыл. 

Еске салсақ, әйелдерге арналған "Ұмай" ипотекасының шарттары жеңілдетілетіні туралы хабарлаған едік. Бағдарламаға қатысу үшін отбасының айлық табысы (күйеуі мен әйелінің) немесе несие алушының бір айдағы кірісі 320 мың теңгеден аспауы тиіс болса, енді ол екі есеге артып, 640 мың теңгені құрайды. Жаңа шарт болжам бойынша 2022 жылдың сәуір айында Отбасы банк пен Азия банкі өзара даму келісімдерін жүргізген соң қолданысқа енеді.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары