Бастамашыл топ "Әділет" атты жаңа саяси партия құру ниеті туралы ресми мәлімдеме жасады. Топ өкілдері жаңа партия өзін прогрессивті реформаларды қолдаушы, Әділетті Қазақстан құру идеясын жақтаушы, заң үстемдігін нығайтуды және шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың қатысуын кеңейтуді көздейтін саяси күш болатынын хабарлады.
"Әділет" партиясының негізгі мақсаттары мен міндеттері – Жаңа Конституция қағидаттары мен Әділетті Қазақстан құндылықтарына сүйене отырып, Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін қорғау.
Жаңа ұйымның миссиясы – 2026 жылғы 15 наурызда өткен референдумда қабылданған жаңа Конституцияның ережелерін үдерістің барлық тараптарының сақтауын қамтамасыз ету. Жаңа партия прогрессивті жастарды, түрлі сала мамандарын, қала мен ауыл тұрғындарын, отандастарының мүдделерін нақты қамтамасыз етуге және баршаға әділдік орнатуға дайын қазақстандықтарды біріктіреді.
"Біз экономикасы қуатты, баршаға кең мүмкіндік беретін және әлемдік қоғамдастықта абыройлы да беделді, Әділетті мемлекет құру және оны нығайтуға мүдделі барлық азаматтардың күш-жігерін біріктіргіміз келеді", – делінген бастамашыл топтың мәлімдемесінде.
Әділдік, патриотизм, еңбекқорлық, жауапкершілік және прогресс құндылықтарына сүйене отырып, партия бастамашылары келесі басым бағыттарды атап өтті:
- Қазақстандықтардың барлығы үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету және рулық әрі өңірлік айырмашылықтардың ықпалын азайту;
- Тәуелсіз, тиімді және әділ құқық қорғау және сот жүйесін қалыптастыру;
- Экономикалық әділеттілік пен елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету.
Жаңа партия өзінің саяси күн тәртібін қалыптастыру барысында азаматтық қоғаммен, сарапшылармен және мамандармен белсенді өзара іс-қимыл жасауды көздейді.
Бастамашыл топ 16 сәуірде Әділет министрлігіне жаңа партияны тіркеуге дайындық рәсімін бастау туралы өтініш жолдауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, топ жақын уақытта құрылтай съезін өткізеді.
Жаңа партия құру туралы мәлімдемеге қол қойғандар қатарында Гүлзира Атабаева, Ренат Бектуров, Қарлығаш Жаманқұлова, Динара Зәкиева, Рауан Кенжеханұлы, Лаура Қарабасова, Андрей Лаврентьев, Нұрбек Матжани, Марат Шибутов, Ләззат Шыңғысбаева және басқалар бар.
USD:
470.3 / 473.1
EUR:
554.5 / 559.5
RUB:
6.07 / 6.19

