Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асылов Астанадағы "Гастроорталықта" Салтанат Нүкенованың өлтірілуіне қатысты пікірін айтты. Бұл іс бойынша күдікті – ҚР бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев.
"Әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстық әрекеттер қоғамды ерекше алаңдатып отыр. Жақында Астанада азамат Нүкенованың өлтірілуі интернет кеңістігін дүр сілкіндірді. Қазірдің өзінде 150 мыңға жуық алаңдаушы қазақстандықтар тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғауды күшейту туралы петицияға қол қойды", – деді прокуратурада өткен үйлестіру кеңесінің отырысында Берік Асылов.
Оқи отырыңыз: Экс-министр Қуандық Бишімбаев 2 айға қамалды
Ол атап өткендей, прокуратура бұл бағытта тұрақты жұмыс жүргізуде. Бас прокурор биыл тұрмыстық құқық бұзушылықтар үшін қамауға алу мерзімін ұзартқанын, тараптардың қайта татуласуына тыйым салу енгізілгенін, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының арыз-шағымдарына жауап беру бойынша полицияның жұмысын қайта құрылымдағанын атап өтті.
"Нәтижесінде үшінші тоқсанда әкімшілік жауапкершілікке тартылған отбасылық жанжалдардың саны 7 мыңнан 27 мыңға дейін өсті. Жыл басынан бері 80 адам адам өлтіріп, ауыр жарақаттар келтіргені үшін ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды. Бірақ жазалау әдістері ғана жағдайды түземейді. Тәртіп орнатуда қоғамның, әрбір азаматтың белсенді қолдауы қажет", – деді Берік Асылов.
Otinish.kz сайтында 21 қарашадағы жағдай бойынша әйелдер мен балаларға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатайту қажеттігі туралы Мемлекет басшысына жолдаған ашық үндеуіне 147 мыңға жуық адам қол қойған.