Тікелей эфир

"Барлық өңірлерде бар, бізде ғана жоқ". Атырау облысында атбегілер ипподром салып беруді сұрады

Облыстық бюджеттен бәйге спортын дамытуға 54 миллион теңге қарастырылған.

Атырау облысында дүбірлі жарыстарда топ жарып жүрген атбегілер бас көтерді. Олар жарты ғасыр өтсе де, бір ипподром салып бере алмаған әкімдерге ашулы, деп хабарлайды деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдаралмасы.

Айтуларынша, өңірде талай әкім ауысса да, әлі күнге дейін бір де бір шенеуніктің қолынан ат спортын дамытуға тиісті көңіл бөлінбей келеді. Салдарынан байрақты бәсекелерге дайындала алмай жүрміз дейді жылқының сырын жақсы білетін мамандар. 

"Талабымыз – жыл сайын Атырауда өтетін бес, алты бәйгені жоспарға кіргізу. Нақты ипподром болуы қажет. Облыстың әкіміне дейін бардық, құрғақ уәдемен шығарып салады. Әне-міне болады деп еш нәтиже шығарады",– дейді атбегі Аян Тайжанов. 

Атбегілердің сөзінше, жыл сайын ұлттық спортты дамытуға қыруар қаржы бөлінеді, бірақ шенеуніктер бір ипподром салуға жарамай отыр. Ал ипподромсыз ат жарысы қалай дамымақ дейді. Қазір атбегілер дайындықты орын табылған жерде өткізуге мәжбүр екен. Мамандар бұлай жалғаса берсе, ат спорты мүлдем құрдымға кететінін айтады.

"Ұлттық спортты дамыту үшін әуелі атшабар алаң салынуы тиіс. Бармаған жеріміз жоқ. Табаннан тоздық. Миллиондап қаржы бөлініп жатыр. Ешқандай атшабар жоқ. Қалай дамимыз?! Барлық өңірлерде бар, бізде ғана жоқ", – деді атбегі Ербол Жұпарғали. 

Атбегілердің талабын тыңдауға спорт басқармасының өкілі келді. Шенеунік бұл мәселенің барлығынан хабардар екенін, қазір Талғайран елдімекенінен жер бөлініп, ипподромның жобасы жасалып жатқанын жеткізді. Құрылысқа демеушілердің қаржысын тарту көзделіп отыр екен.

"Ат спортына қатысты жағдайдың жоқтығын растаймын. Мәселені шешу жолында бірнеше шаралар қабылданып жатыр. Күні бүгінде Талғайран елдімекенінен жер телімі бөлінген. Жобалық жоспар дайын.   Ұсыныс берілді, басқарма тарапынан оң шешемін табамыз деген ойдамыз", – дейді Атырау облысы дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дастанбек Қоспанов. 

Алайда көпшілік шенеуніктің бұл сөзіне күмәнмен қарайды. Өйткені жыл сайын жаттанды уедеге тойдық деген олар, талабымыз орындалмаса, Мәдениет және спорт министрлігіне дейін барамыз деп тарқасты. Айта кетейік, жалпы биыл облыстық бюджеттен бәйге спортын жандандыру үшін 54 миллион теңге қарастырылған.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары