Тікелей эфир

"Бақытты отбасы" тұрғын үй бағдарламасына өтінім қабылдау басталды

Өтінім қабылдау 19 шілдеге дейін жалғасады.

Otbasybank.kz платформасында 20 маусым мен 19 шілде аралығында "Бақытты отбасы" бағдарламасына өтінім қабылданады. Бұл үшін өтініш берушілер Отбасы банкінің клиенті болуы және қолында аутенфикация кодын алу үшін ұялы телефоны болуы тиіс. 

Қосымша құжат пен анықтама қажет емес. Жүйе үміткердің мәліметтерін өзі тексеріп, кейін өтінімді қабылдайды. 
Бағдарламаға келесі санаттағы азаматтар қатыса алады:

  • көп балалы отбасылар;
  • ерекше қажеттілігі бар балаларды асырап отырған отбасылар;
  • толық емес отбасы (ажырасқанына кемінде 3 жыл болуы тиіс).

"Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша 2021 жылы берілген және қарыз берілмеген өтінішітер өз күшін жояды. Осы азаматтар биыл басынан бастап өтінім беруі қажет. Өтінім қабылданып болған соң, негізгі және қосымша тізім түзіледі. Өтінімді мақұлдаудағы негізгі факторлар жергілікті әкімдікте кезекте тұру мерзімі мен азаматтың қай санатқа жататыны. Конкурс нәтижесін otbasybank.kz порталында көруге болады, – делінген хабарламада. 

"Бақытты отбасы" бағдарламасына қатысушыларды таңдау кезінде азаматтардың табысы тексеріледі. 
Отбасының әрбір мүшесіне шаққанда табыс соңғы алты айда ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген шамасынан аспауы тиіс (2022 жылы ЕТКД 37 389 теңгеге тең, тиісінше отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы табысы 115 905 теңгеден аспауы тиіс).


Оқи отырыңыз: "Шаңырақ", "Ұмай", "Жас отбасы". 2022 жылы баспаналы болудың жеті жолы


"Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша бастапқы жарна ретінде үй құнының 10 пайызын төлеп, жылына 2% мөлшерлемемен үй сатып алуға болады. Қарыз 20 жылға беріледі. 

Отбасы жергілікті әкімдіктер салған, бірінші, екінші нарықтағы және жекеменшік жер үйді де ала алады. Астана, Алматы және олармен шекаралас аумақтарда қарыздың ең үлкен сомасы 15 млн теңге, ал Шымкент, Ақтау және Атырауда 10 млн теңгені құрайды. 

Серіктестер жаңалықтары