Тікелей эфир

Банк, коллектор, микроқаржы ұйымдарының қазақстандықтарға қоңырау шалуы реттеледі

Қаржы ұйымдары жұмыс күндері тәулігіне 3-тен, мереке және демалыс күндері 2-ден артық хабарласа алмайды.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банк, коллектор және микроқаржы ұйымдарының берешегі бар қазақстандықтарға хабарласуы және қоңырау шалуы тәртібін реттеуді жоспарлап отыр. Жаңа тәртіп агенттік қаулысымен қолданыстағы заңнамаларға енгізілмек. Оның жобасы Ашық НҚА порталында қоғамның жария талқылауына ұсынылды. 

Жаңа ережеге сәйкес, аталған ұйымдар қазақстандықтарға жұмыс күндері таңғы сағат 8.00-ден кешкі сағат 21.00-ге дейін тәулігіне үш рет және демалыс пен мереке күндері сағат 9.00-ден кешкі сағат 19.00-ге дейін тәулігіне екі рет хабарласа алады. Бұл ретте стационарлы телефонмен де, интернет көмегімен мессенджерлер арқылы хабарласуға да рұқсат етіледі. 


Оқи отырыңыз: Несие алу кезінде жұбайының келісімін алу ережесі бекітілді


Агенттіктің түсіндіруінше, қолданыстағы талапта қоңырау шалу мерзімі мен жиілігі реттелмеген болатын, ыңғайсыз уақытта және тым жиі шалынған қоңырау қазақстандықтардың ашуын туғызып, шағымдар көбейген. 

Дегенмен, микроқаржы ұйымдарының демалыс және мереке күндері қазақстандықтарға берешегі туралы хабарлап қоңырау шалуына рұқсат етілмейтін. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл ретте мұндай мүмкіндікті жоғарыда аталған шарттармен беру қажет деп отыр. 

"Микроқаржы ұйымдарының қарызы бар қазақстандықтарға оны төлеу қажеттігін ескертіп демалыс не мереке күндері де хабарласуына рұқсат беру керек деп есептейміз. Өйткені, кешіктірілген қарыз үшін өсімпұл демалыс не мереке күні екеніне қарамастан, әрбір кешіктірілген күн үшін есептеледі", – делінген агенттіктің түсіндірмесінде. 


Оқи отырыңыз: Қарызын төлей алмаған борышкерлер коллектормен келісім жасай алады


 

Серіктестер жаңалықтары