Қазақстанда ата-аналар баласының мектепте тегін тамақтанғанын eGov арқылы бақылай алады. Жаңа жүйе бойынша мемлекет мектептегі тегін асқа қаражатты тек оқушының тамақтанғаны расталған жағдайда ғана төлейді, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Қазір аз қамтылған отбасылардан шыққан балалармен қатар, 1-4 сынып оқушыларының барлығы мектепте тегін тамақтануға құқылы. Бұған дейін сыныптағы барлық оқушыға ыстық тамаққа арналған қаражат есептелетін. Енді оқушы мектепте болмаған немесе асханаға кіріп, тамақтанбаған жағдайда оның тамағына бюджеттен қаражат төленбейді.
ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ростислав Коняшкиннің айтуынша, биылдан бастап мектептердің тамақтану қызметіне ақы төлеу тек расталған деректер негізінде жүргізіледі. Тиісті тізімдер 1 қыркүйекке дейін қалыптастырылуға тиіс.
Оқушының мектеп асханасында тамақтанғанын растау үшін QR-код немесе карта, Face ID не басқа да сәйкестендіру тәсілдерінің бірі қолданылады. Осы арқылы жүйе баланың тамақ алғанын тіркейді. Ата-аналар баласының тамақтанған-танбағанын eGov мобильді қосымшасындағы "Қызметтер" → "Әлеуметтік әмиян" → "Ыстық тамақ" бөлімі арқылы көре алады.
Министрлік мәліметінше, өткен оқу жылында "Әлеуметтік әмиян" жүйесі арқылы оқушыларға 149 млн теңгеге ыстық тамақ берілген. Ал цифрлық ваучер қызметін 1,5 млн-нан астам ата-ана іске қосқан.
Жаңа бақылау жүйесі қыркүйек айынан бастап барлық мектепте енгізілуге тиіс.