Ақмола облысындағы Ұялы ауылында ұялы байланыс желісі мен интернет жоқ, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Облыс орталығынан 30 шақырымдай жерде орналасқан ауылдың тұрғындары ғаламторға қосылу үшін күн сайын ауыл шетіндегі төбеге шығады. Оқушылар сол жерден үй тапсырмаларын орындаса, ересектер қажетті құжаттарын реттейді. Өңірде дәл осындай интернет жоқ 235 елдімекен бар.
"Байланыс жоқ болған соң балалар оқи алмайды. Сол үшін өзіміз 40 мыңға сатып алып, интернет қондырып алдық. Кімде интернет жоқ, балалар төбеге мініп сөйлеседі", – деді Ұялы ауылының тұрғыны Махаббат Рахымбекова.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда 58 мектеп интернет желісіне мүлдем қосылмаған
Ал цифрландыру және архивтер басқармасындағылар мәселенің жақын арада шешілетінін айтты.
"Волокон" телеком ЖШС-нің лицензиялық міндеті бойынша олар өз жұмысын 2023 жылдың соңына дейін аяқтауы тиіс. Қазір жерді тіркеу бойынша жұмыстың бірінші кезеңі аяқталды. "Восток Телеком" басшылығының айтуынша, тамызға дейін Ұялы ауылында интернетке тұрақты қолжетімділікті қамтамасыз ететін базалық станция орнатылады. Яғни, әр үйге сымсыз интернет қосылып, 2G байланыс желісі орнатылады", – деді Ақмола облыстық цифрландыру және архивтер басқармасы бөлімінің бас маманы Сағадат Дюсенбаев.