Іс-шараға Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, "Бәйтерек" холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин және "Даму" қорының басқарма төрағасы Фархат Сарсекеев қатысты.
Бірыңғай фронт-офис "Даму" қорының өңірлік желісі негізінде жұмыс істейді. Бүгінде Қор Қазақстанның барлық 20 өңірінде қызмет көрсетеді, сондай-ақ мобильді фронт-офистер арқылы шалғай елді мекендердегі кәсіпкерлерге де кеңес береді. Енді кәсіпкерлер бір жерден шағын және орта бизнесті және ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыру, тікелей инвестициялар, экспорттық сақтандыру және өнеркәсіптік кәсіпорындарды жаңғырту сияқты бағыттар бойынша ақпарат пен қолдау ала алады. Бірыңғай фронт-офис "Бәйтерек" холдингінің бес ұйымының құралдарын біріктіреді. Олардың қатарында "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры, Қазақстанның Даму Банкі, Qazaqstan Investment Corporation, Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі және Өнеркәсіпті дамыту қоры бар. Жаңа формат "бір терезе" қағидаты бойынша жұмыс істейді. Яғни кәсіпкер әр ұйымға жеке-жеке жүгінбей, бір жерден өз жобасына қажетті қолдау тетігін анықтай алады.
"Даму" қорының басқарма төрағасы Фархат Сарсекеев жаңа форматтың негізгі мақсаты мемлекеттік қолдауды кәсіпкерлер үшін қолжетімді ету екенін айтты.
"Бірыңғай фронт-офистің құрылуы – "Даму" қорының дамуындағы және оның бизнесті қолдау экожүйесіндегі рөлін кеңейтудегі жаңа кезең. Бірыңғай фронт-офис биыл ақпан айында техникалық режимде іске қосылды. Қазірдің өзінде бұл форматқа сұраныс бар екенін көріп отырмыз. Техникалық іске қосылғаннан бері 30 мыңға жуық өтініш түсті. 1 250 жоба сүйемелденіп, қаржыландырылды", – деді Фархат Сарсекеев.
Бірыңғай фронт-офис кәсіпкерді өтініш қабылдаудан бастап қаржыландыру мәселесін қарауға дейінгі барлық кезеңде сүйемелдейді. Оның ішінде қажетті құралды таңдау, консультация беру, өтінім рәсімдеу және жобаны сүйемелдеу жұмыстары бар.
"Мұндай қолдаудың елдің барлық өңірінде қолжетімді болғаны маңызды. Біз "Іскер аймақ" бағдарламасын ауылдарға да кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Бұл кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдауды нақты қажеттіліктеріне қарай ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Мұнда "Даму" қорының өңірлік филиалдары мен мобильді фронт-офистерінің рөлі зор. Консультанттардың міндеті – бизнесті қалыптасуынан бастап, одан әрі даму кезеңдеріне дейін сүйемелдеу", – деді Серік Жұманғарин.
Бірыңғай фронт-офисте пилоттық режимде Бизнесті қолдау және сүйемелдеу орталығы да жұмыс істейді. Мұнда кәсіпкерлердің мәселелері жан-жақты қаралып, оларды шешудің ықтимал жолдары анықталады. Қажет болған жағдайда мәселеге бейінді мемлекеттік органдар, қаржы институттары, жергілікті атқарушы органдар және "Бәйтерек" холдингі тобына кіретін ұйымдар тартылады. "Даму" қоры олардың өзара жұмысын үйлестіріп, кәсіпкерге мәселенің шешімі шыққанға дейін қолдау көрсетеді.
"Кәсіпкерлердің жұмыс барысында түрлі мәселелерге тап болатыны белгілі. Бұл салық төлеуден, жеңілдетілген қаржыландыру алудан бастап, кредиттерді қайта құрылымдау немесе мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға дейінгі мәселелер болуы мүмкін. Бизнесті ашу оңай болғанымен, оны дамыту және тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету әлдеқайда қиын. Сондықтан кәсіпкер қиындыққа тап болған кезде жүгініп, нақты мәселесін шешуге көмектесетін осындай орталықтың болуы өте маңызды", – деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Бизнесті қолдау және сүйемелдеу орталығының пилоттық жобасы Астана, Алматы, Шымкент қалаларын, Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарын қамтиды.
Бірыңғай фронт-офиске бизнесін енді бастап жатқан кәсіпкерлер де, жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер де жүгіне алады. Кеңседе коворкинг аймағы мен конференц-залдар қарастырылған. Мұнда кәсіпкерлерге бизнес-жоспар мен есептілік дайындауға көмектеседі. Қажет болған жағдайда холдингтің басқа ұйымдарының, мемлекеттік органдар мен қаржы институттарының өкілдерін тарта отырып, бірлескен консультациялар ұйымдастырылады. "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қорының өңірлік филиалдарының мекенжайлары мен байланыс деректерін www.damu.kz сайтынан және 1408 Бірыңғай байланыс орталығы арқылы алуға болады.