Тікелей эфир

Бағдат Мусин жер сілкінісін жедел ескертудің қандай жаңа тәсілін ұсынып отыр

Жаңа жүйе зілзаладан бөлек, су тасқыны, өрт немесе террорлық шабуыл кезінде де қолданылмақ.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп Cell broadcast технологиясын қолдану арқылы төтенше жағдайларда азаматтарды жедел хабарлау жүйесін сынақтан өткізгенін хабарлады. Бұл жүйе дәстүрлі SMS хабарламаларынан ерекше, халықты жаппай ескертуге бағытталған жаңа тәсіл болмақ.

"Оның абоненттерге жолданатын бір реттік SMS ескертулерден айырмашылығы – Cell broadcast технологиясы миллиондаған азаматтарды белгілі бір аумақтағы төтенше жағдайлар туралы дер кезінде хабардар етуге, ескерту хабарламасын жедел және жаппай таратуды қамтамасыз етуге арналған. Cell broadcast жүйесі табиғи апаттар (мысалы, су тасқыны, өрт) немесе террористік жағдайлар сияқты төтенше жағдай туралы дереу хабарлауды қажет ететін жағдайларда пайдаланылады", – деп түсіндірді Бағдат Мусин.


Оқи отырыңыз: Жер сілкінгенде үйде, көшеде және көлікте қандай қауіпсіздік шараларын сақтау қажет


Оның айтуынша, Цифрлық даму министрлігі Қазақстанда Cell broadcast жедел хабарлау технологиясын іске асыруға дайын. Алайда бұл үшін барлық мүдделі ведомстволарға қаражат бөлінуі қажет.

"Детекция жүйесі мен жедел хабарлау арасында қателіктер болмауы үшін қазір Алматы қаласы ТЖД әкімдікпен детекция жүйесін толыққанды іске асыру бойынша жұмыс жүргізуде. Сейсмологиялық анықтау жүйесі дайын болғаннан кейін Cell broadcast жүйесімен мұқият түрде интеграция жүргізу қажет. Екі жүйені толыққанды іске асыру және дұрыс интеграциялау кезінде, сейсмологиялық жүйеде детекция пайда болған кезде, Алматы қаласының барлық тұрғындары үшін автоматты түрде ескерту жасалады, сондай-ақ бұл жүйені төтенше жағдайдың басқа жағдайларында да пайдалануға болады", – деді министр.

Серіктестер жаңалықтары