Тікелей эфир

Азық-түлік нарығы импорттың үстемдігінен зардап шегіп отыр – салалық одақтар альянсы

Заң жоба авторларының пікірінше, жағдайға мемлекет араласуы тиіс.

Қазақстанның азық-түлік секторының салалық одақтары альянсы ҚР Құс өсірушілер одағында өткен баспасөз конференциясында "Сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасын дайындау туралы хабардар етті. Парламентаризм институтының сарапшыларымен бірлесіп және ҚР Парламенті Мәжілісінің АӨК жөніндегі комитетінің қолдауымен әзірленген жоба жергілікті нарықта отандық азық-түлік өнімдерін өткізуді қолдауға, сондай-ақ сауда сөрелерінде импорттың кең таралуына байланысты қазақстандық өндірушілердің мүдделерін қорғауға арналған заңнамалық актілерге бірқатар түзетулер мен ұсыныстарды қамтиды.

Баспасөз конференциясы барысында қазіргі уақытта салалық одақтардың, бейінді мемлекеттік органдардың өкілдері, Парламент Мәжілісінің депутаттары қатысатын жұмыс тобында белсенді жұмыс жүріп жатқаны атап өтілді. Алайда, салалық одақтар өкілдерінің пікірінше, олар мемлекеттік құрылымдар тарапынан отандық азық-түлік өндірушілерді толыққанды қолдауды және өндіріс пен сауда қатынастарының қалыптасқан тәжірибесінде бір нәрсені өзгертуге деген ниетті әлі көрмей отыр. Мысалы, заң жобасында ұсынылған қырық тармақтың ішінен Сауда министрлігі тарапынан теріс қорытындыны ұсыныстардың жартысына жуығы алды. Салалық одақтар бұлай жалғаса берсе ұсынылған бастамаларды қарап біткенше ешбірі қалмайды деп қорқады және заң жобасы жақында азық-түлік қауіпсіздігі туралы заң жобасы секілді мүлдем алынып тасталуы мүмкін.

"Қазір біздің ұсыныстарымызды алдын ала талқылау жүріп жатыр, мемлекеттік органдар тарапынан патриоттық заң жобамыз қолдау табатынына сенеміз. Бейінді министрліктердің өкілдері біздің ұсыныстарымызды зейін салып қарауы үшін ішкі нарықты импорттың үстемдігінен неге қорғай алмайтындығына сылтау емес, осы мәселелерді шешу жолдарын іздеуі үшін өте маңызды. Бүгінде бізге мемлекеттің реттеуші рөлі бұрынғыдан да қажет. Әлемдегі күрделі геосаяси жағдайды ескере отырып, біз импорттық өнімді жеткізуге тәуелді болмас үшін отандық өндірісті дамыту және қолдау маңызды. Қазір импортты жеткізуді тоқтатқан кезде біздің елімізде бағаның күрт өсуі мен өнім тапшылығы орын алуда, ал бұған елдің азық-түлік тәуелсіздігін нығайту арқылы ғана жол бермеуге болады", – деп түсіндірді "Қазақстан құс өсірушілер Одағының" президенті Руслан Шарипов.     

"Мемлекет отандық өндірушілерді қорғауға міндетті. Бұл біздің экономикамыздың сыртқы әлемнен жабылуының белгісі емес: ол ашық болып қалуы тиіс, бірақ ұлттық бизнестің мүдделерін ескере отырып, – деп белгілеп өтті ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Әділ Қазақстанның экономикалық бағыты" атты Жолдауында. Демек, ұлттық өндірушінің мүдделерін ескеретін және отандық нарықты әділетсіз бәсекелестіктен барлық ықтимал жолдармен қорғайтын уақыт келді.   

Заң жоба авторларының пікірінше, импорттаушылардың қазақстандық өндірушілерге қарағанда құқықтары мен міндеттері көбірек болған бүгінгі әділетсіз жағдайға мемлекет араласуы тиіс. Мемлекет реттеуші нормаларды қабылдауы керек, түзетулер дәл соларға бағытталған. Баспасөз конференциясы барысында атап өтілгендей, қазіргі уақытта қазақстандық өндіруші қорғалмаған, отандық азық-түлік өнімдерінің өндірісі төмендеуде. 

"Қазақстандық нарықты жаулап алу үшін көрші елдердің кәсіпорындары демпингке оңай барады, нәтижесінде отандық компаниялар қаражатсыз қалады және сүт саласы шығынға ұшырауда. Және мұндай жағдайлар барлық жерде бар. Статистика деректері бойынша, біз әлі де өзімізді сүтті терең өңдейтін жергілікті өнімдермен (мысалы, сары май, ірімшік, йогурт, балалар тағамы) толық көлемде қамтамасыз етпейміз", – деді "Қазақстан Сүт одағының" директоры Владимир Кожевников.

Конференцияға қатысушылар мемлекеттің міндеті – елімізде қазақстандық өнімді өткізу үшін басым жағдайларды қамтамасыз ету және отандық өндірісті қолдау екенін атап өтті. Өндірушілер үшін үлкен проблема - бұл жабайы нарыққа бағынатын ірі сауда желілерімен өзара қарым-қатынастары болып табылады, бұған қоса желілер өнімді сатудың негізгі арнасы бола отырып, шарттарды белгілейді.

"Қазақстанның сауда кәсіпорындары қауымдастығының" президенті Жібек Әжібаеваның айтуынша, отандық өнімді өткізу мәселелерін кешенді түрде қарастыру қажет, қазақстандық өнімді қолдау стратегиясына сауда базарлары, жеке интернет-дүкендер және өндірушілермен, өңдеушілермен және көлік қызметкерлерімен бірыңғай логистикалық жүйеге біріктіруге болатын "үйдің жанындағы" дүкендер де қатысуы тиіс. Жергілікті базарлар, "үйдің жанындағы" шағын дүкендер жекелеген фермерлер шағын партиялармен шығаратын отандық өнімдерді сатуға бағытталған – деп атап өтті Жібек Әжібаева. Алайда, әзірге олар соңғы жылдары елдің азық-түлік нарығында ерекше үстем жағдайға ие болған сауда желілерімен нарықтан ығыстырылуда.

"Әрбір нақты қалада бізде қандай да бір сауда желісі басым болып келеді және өндірушінің өз тауарларымен баратын жері жоқ. Шын мәнінде, отандық өндірушілерді шағын дүкендер мен базарлар қолдайды. Өйткені олар өнімді кез келген уақытта әртүрлі партиялармен қабылдай алады. Ал сауда желілері жеткізілімдері ретке келтірілген және бағасы төмен өнімді импорттаушыларға сенім артады. Базарлар мен шағын дүкендер маңызды, бірақ олар жалпы сатылымның 20-30% ғана қамтамасыз ете алады, ал негізгі азық-түлік саудасы үлкен супермаркеттер арқылы өтеді. Нарықты басып алып, сауда желілері ірі дүкендерден басқа шағын экспресс дүкендер ашады, өз шарттарын таңып, ретробонустар мен басқа да үстемелер белгілейді, нәтижесінде қазақстандық азық-түлік жеткізушілері арзан импортпен бәсекелестікке төтеп бере алмайды. Өндірушілердің проблемаларын Үкімет естуі қажет. Сондай–ақ, шағын кәсіпорындар сауда желілерінің монополизмінен зардап шегеді, ауданға ірі супермаркет келгенде, айналасындағы шағын бизнес тоқтайды", – деп түсіндіреді "Қазақстанның сауда кәсіпорындары қауымдастығының" президенті. 

Елімізде сауда желілерінің жалпыға бірдей монополиясы жоқ, бірақ ҚР барлық өңірлерінде, іс жүзінде әрбір қалада өзінің жергілікті сауда монополиясы бар екені атап өтілді. Бұл бірдей желі емес, әр түрлі, бірақ әрқайсысының сауда-саттығы ірі және орта қаланы қосқанда монополияландырылған. Монополист өзінің бақылауындағы сауда кәсіпорнында сауда еркіндігі мен әділдігін сөзсіз шектейді, нәтижесінде жергілікті нарықта бәсекелестік жоқ немесе өте әлсіз. Осылайша, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің 2021 жылғы қорытындысына сәйкес, азық-түліктік тауар нарығы "шоғырлану дәрежесі бойынша республиканың барлық 19 әкімшілік бірлігінде жоғары шоғырланған деп сипаттауға болады". Сондықтан мемлекетке ел азаматтары мен бизнес мүддесі үшін монополиялық сауда компанияларының қызметін реттеу маңызды, деп атап өтті Салалық одақтар альянсының өкілдері.

"Сауда мен өндірістің мүдделері түйіскен жағдайда мемлекет өндірушіні қолдауы тиіс. Өйткені сауда кез келген дағдарыс кезінде аман қалады, ал отандық өндірісті қолдап, оған егеменді Қазақстан экономикасының негізі бола отырып, аяққа тұруына, күшеюіне мүмкіндік беру керек. Сондықтан біз отандық өндірушілерге сөрелерде неғұрлым тиімді орындарды ұсынуды, қазақстандық өнімдердің сауда желілерінде ұсынылуын қамтамасыз етуді және жеткізілген тауар үшін уақтылы ақы төлеуді бақылауды жүзеге асыруды ұсынамыз. Енді, өкінішке орай, өндірушілер трейдерлердің шарттарын толығымен орындауы керек.

Біз, өндірушілер, AMANAT партиясына бізді қолдауға және өндірушілердің ритейлмен өзара қарым–қатынасын нақты реттеуге мүмкіндік береді деп үміттенетін заң жобасын бірлесіп әзірлеуге дайын екендіктері үшін алғыс айтамыз", – деп айтып өтті "Қазақстан Құс өсірушілер одағының" президенті. 

Салалық одақтар альянсының сарапшылары белгілеп өткендей, түзетулер жобасында сауда компанияларына тек үстеме бағаны қалдыруға және кез келген басқа қызметтерден – ретробонустардан, сыйақылардан, жоқ қызметтерден бас тартуға нұсқау беретін норма бекітілген. Мысалы, қазір сауда желілері жеткізушілерден ретробонустар алады, олар 24% - ға дейін жетеді, іс жүзінде барлық акциялар немесе жеңілдіктер өндірушінің есебінен жүзеге асырылады. Әрине, бұл қосымша шығындар тұтынушыға жүктеледі немесе өндірушінің шығындарына жатады.

Отандық тамақ өнеркәсібі қазақстандық тұтынушылардың қажеттіліктерінің басым бөлігін қамтамасыз етуге қабілетті. Мысалы, Қазақстанның ет өңдеу саласының өндірістік қуаттылығы қазір тек жартылай ғана жүктелген. Қазақстандық өндірушілер, егер нарықта бұл үшін жағдай болғанда, жеткізілімдерді арттырып, көбірек өндіре алар еді. Алайда, ішкі нарық импортқа молыққан және бұл өздігінен, мемлекеттің ықпал ету аймағынан тыс орын алған. Бұл ретте, өкінішке орай, отандық өнімді қолдаудың нақты саясаты жоқ, деп көрсетеді Альянста.

Салалық одақтардың басшылары ұсыныстар заңнамалық деңгейде қабылданады деп үміттенеді. Нарық сапасыз импорттан қорғалған кезде, нарықта азық-түлік өнімдерінің көлемін ұлғайтуға мүмкіндік беретін ынталандырулар болған кезде, дүкен сөрелерінде қазақстандық өнім көбейетін болады. Бұл азық-түлік қауіпсіздігіне де, ішкі нарығымыздың тұрақтылығына да оң әсер етеді. Сонымен қатар, біздің азық-түлік патриотизміміз артатын болады, қазақстандық тұтынушы отандық тауарларды сатып алу арқылы ұлттық экономика мен еліміздің дамуын қолдайтынын білуі керек.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары