Алматыда "Медеу" биік тау мұз айдынында 19 жылдық үзілістен кейін "Азия дауысы" халықаралық заманауи музыка фестивалі қайта жаңғырды.
"Азия дауысы" бұдан былай жыл сайынғы фестивальге айналып, келер жылдан бастап дәстүрлі халықаралық ән байқауы түрінде өтеді.
"Түркі елдерінің мәдениет министрлері қазірдің өзінде маған телефон соғып, "Азия дауысы" халықаралық орындаушылар байқауы келесі жылы қашан өтетінін сұрап жатыр. Оған өздерінің үздік әртістерін жібергісі келеді. Біз байқауға қолдау көрсетеміз, өйткені бұл тек музыкалық емес, сонымен қатар туристік қадам. Алматының және біздің бүкіл өңіріміздің туризмін дамытатын әлеуеті бар", – деді фестивальдің ашылу салтанатына ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.
Фестивальде бірінші болып "Жас қанат 2023" жас орындаушылар байқауының жеңімпаздары өнер көрсетті. Байғали Серкебаевтың "Джулия" мюзиклінен үзінді – "А-studio" тобының әндері шырқалды.
Көрермендер сонымен қатар белгілі режиссер, сценарист және продюсер Фархад Шәріпов түсіріп жатқан "Махаббат солдаты" фильм-мюзиклінің түсіріліміне қатысу мүмкіндігіне ие болды. Осылайша қайта жаңғырған "Азия дауысы" фестивалінің алғашқы күні тарихта ғана емес, кинода да қалды.
Сахнада ZAQ, Ерке Есмахан, RaiM, Мирас Жүгінісов, V $ XVPRiNCE, Орынхан, Молданазар және Ирина Қайратовна тобы өнер көрсетті.
Қызыл кілеммен басталған фестивальдің алғашқы күні дрон шоуымен аяқталды.
Ал бүгін "Азия Дауысы" сахнасында атақты BLACK EYED PEAS тобы өнер көрсетед. Фестивальдің соңғы күнінде ЯЛЛА тобы, қазақстандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетіп, отшашумен аяқталады.