Әзербайжан кәсіпкері Маңғыстауда халықаралық деңгейдегі жаңа курорт салмақ

Каспий теңізі. Фото: Depositphotos.com
Каспий теңізі. Фото: Depositphotos.com
Ол Қазақстанға арнайы келіп, жобаға ұсынылған әлеуетті орындарымен жеке танысады.

Kazakh Tourism және Sea Breeze Resort арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою барысында Әзербайжанның белгілі кәсіпкері Эмин Агаларов Маңғыстауда халықаралық деңгейдегі жаңа курорт салуға қызығушылық танытты, деп хабарлады Kazakh Tourism баспасөз қызметі. 

"Маңғыстау облысында Каспий теңізінің жағалауында Sea Breeze ұқсас курорт салу мүмкіндігін талқылау –  екі тарап жүргізген келіссөздегі басты тақырыптардың бірі. Болашақ жоба үшін перспективалық локациялар ретінде табиғи әлеуеті бірегей Кендірлі және Жылы жағажай аталды. Олар саяхатшыларды тартатын халықаралық туризмнің жаңа нүктесі бола алады", – делінген хабарламада. 

Фото: Kazakh Tourism

Оған сәйкес, жақын арада Эмин Агаларов Маңғыстауға келуді жоспарлап отыр. Онда ол жобаға ұсынылған әлеуетті орындарымен жеке танысады.

"Бізде екі міндет бар – елдеріміз арасындағы өзара туристік ағынды арттыру және Қазақстан аумағындағы Каспий теңізінің жағалауындаосындай курорттық жобаны интеграциялау мүмкіндігін қарастыру", – деді Эмин Агаларов. 

Меморандум Kazakh Tourism пен Sea Breeze Resort үшін ынтымақтастықты дамытудың бастауына айналды. Құжат инновациялық шешімдер мен талдамалық зерттеулерді енгізуден бастап, туристік инвестициялық жобаларды іске асыру мен бірлескен іс-шараларды ұйымдастыруға дейінгі негізгі бағыттарды қамтиды. Бүгінгі туризмнің басым бағыттарының бірі саналатын тұрақты дамуға ерекше назар аударылған.

Серіктестер жаңалықтары