Тікелей эфир

Азамат Сатыбалды Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының ректоры болып тағайындалды

Актердің Cinema 28 атты киностудиясы мен 28 THEATRE атты жекеменшік театры бар.

Кино және театр актері, тележүргізуші Азамат Сатыбалды Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры болып тағайындалды. Бұл туралы ҚР мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев хабарлады. 

"Ресми түрде келісу рәсімдерінің барлығы тәмамдалған соң Азамат Сатыбалдының Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры болып тағайындалғанын хабарлаймын. Отандық мәдениеттегі орны бөлек оқу ордасын басқаруда абырой мен сәттілік тілеймін!" – деп жазды Дәурен Абаев. 

Азамат Сатыбалды 1977 жылы Жамбыл облысы Рысқұлов ауданында дүниеге келген.

1997 жылы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясына оқуға қабылданды. 2000 жылы дипломдық жұмысын қорғауға Қостанай облыстық драма театрына жіберілді. 2001 жылы  Мұхтар Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына жұмысқа орналасты.

2017 жылы Cinema 28 атты киностудия мен 28 THEATRE атты жекеменшік театрын ашты. Театр шымылдығы Айдын Сахаманның "Күйеуіңізді сатыңыз" қойылымымен ашылды. 

2018 жылдың 27 желтоқсанынан бастап Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры қызметін атқарды. 

"Қара шегіртке", "Бақсы", "Ағайынды", "Жерұйық", "Дәрігер Ахметова", "Ғашық жүрек-2", "Сыныптастар", "Парыз", "Бір кем дүние", "Қара шаңырақ", "Рэкетир-2", "Үйге апарар жол", "Барлығы сен үшін" сынды фильмдер мен телехикаяларға түскен. 

2002 жылы Қазақстан жастар одағы "Серпер" сыйлығының лауреаты, 2014 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанды.

2016 жылы "ҚР тәуелсіздігіне 25 жыл" медалімен марапатталды. 

Еске салсақ, Қазақстанның алғаш рет халықаралық сатып алушыларға 30-дан астам фильм топтамасын ұсынғаны туралы хабарлаған едік. Берлин фестивалі мен кино нарығы аясында әр картина 7 рет көрсетіледі.  

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары