Автобустан самокатқа дейін: мобильді қосымшалар қала тұрғындарының өмірін қалай өзгертті

Қазақстанда қалада жүріп-тұруды жеңілдететін сервистер көбейіп келеді.

Бүгінде цифрландыру қоғамдағы барлық салаға еніп жатыр. Соның ішінде көлік саласында да үлкен өзгерістер болуда. Бұрын адамдар қала ішінде бір жерден екінші жерге автокөлікпен және автобуспен жетсе, бүгінде таңдау көп. Қалада кептеліс көбейіп, адамдардың уақыты азайған сайын жаңа шешімдер ойлап табуға тура келеді. Технологиялардың дамығаны сонша мобильді қосымша арқылы такси шақырып, автобустың қай жақта келе жатқанын көріп, самокат жалға алуға болады.

Осы орайда Информбюро порталы қала тұрғындарының жүріп-тұруына қажет мобильді қосымшаларға шолу жасады.

Автобус

Қазір Қазақстанның бірнеше қаласында өзіндік қоғамдық көлік жүйесі бар. Соның бірі “ONAY!”жүйесі Қазақстанның ірі қалаларында кеңінен қолданыс тауып, қолма-қолсыз төлем мен сапарды цифрландыруға ықпал етіп жатыр. Алматы, Қарағанды, Теміртау, Шахтинск, Абай, Балқаш, Саран, Талдықорған, Өскемен секілді қалалар осы жүйеге қосылған.

“Onay” қосымшасы арқылы онлайн төлем жасауға, картаға ақша аударуға, автобус пен троллейбус, трамвайлардың қай жерде келе жатқанын көруге болады.

Бұл сервис жолаушыларға уақыт үнемдеуге, қолма-қол ақшасыз жүруге мүмкіндік береді. Қосымша әсіресе жастар арасында кең таралған, өйткені смартфон арқылы төлем жасау олардың күнделікті цифрлық әдеттеріне айналды.

“Onay” ұсынған деректер қала әкімдігіне жолаушылар ағынын талдауға көмектеседі. Қай бағытта көп адам жүретінін, қай маршруттар сұранысқа ие екенін саралау арқылы автобустардың жүру кестесін оңтайландыруға болады. Бұл да “ақылды қалаға” айналудың бір қадамы.

Такси

Мобильді сервистер қаладағы қозғалысты түбегейлі өзгертті. Цифрлық технология дамыған сайын такси шақыру да жеңілдей түсті. Бұрын көше бойынан қол көтеріп такси тоқтатуға тура келсе, қазір мобильді қосымшаға кіріп, “тапсырыс беру” дегенді басса жеткілікті. Бірнеше минутта көлік келіп, қалаған жеріңізге жеткізіп тастайды. 

Қазақстанда танымал сервистің бірі – inDrive. Бұл қосымшаның басты ерекшелігі – бағаны жолаушының өзі ұсынады. Жүргізуші ұсынысты қабылдаса, келісім жасалады. Бұл жүйе дәстүрлі такси агрегаторларынан өзгеше,  себебі тарифті екі тарап келісіп белгілейді. 

Бұл сервистің танымал болуына әділ баға, яғни жолаушы да, жүргізуші де өзара келісімге келуі, қолжетімділік, яғни қосымша ірі қалалардан бөлек, аймақтарда да жұмыс істеуі әсер етті.

Таңғы қарбалас кезінде басқа такси қызметтері қымбат баға ұсынса, inDrive арқылы жолаушы өзі баға ұсынып, келісетін жүргізушіні тез таба алады.

Шағын қалаларда, мысалы, Талдықорған немесе Өскеменде бұл сервис такси табудың ең ыңғайлы жолына айналды. Себебі дәстүрлі такси қызметтері мұнда шектеулі, ал қосымша арқылы кез келген жүргізуші клиент таба алады.

Сондай-ақ, қалалар мен елді мекендер арасында қатынауға ыңғайлы, себебі кейбір аймақтарға автобус жүрмейді. Мұндайда inDrive арқылы көлік табуға болады.

inDrive секілді қосымшалардың шығуы такси нарығында әділ бәсекелестік қалыптастырды. 

Самокат

Кейінгі жылдары Қазақстан қалаларында электросамокаттарды жалға алу кеңінен тарала бастады. Бұл құбылыс әлемде трендке айналды, себебі мегаполистерде тұрғындар шағын, ыңғайлы және экологиялық көлікті көбірек таңдайды.

Қазақстанда электросамокат нарығында Jet сервисі ерекше орын алады. Қосымша арқылы кез келген пайдаланушы бірнеше минут ішінде жақын тұрған самокатты тауып, жолға шығады.

Электросамокаттардың танымал болуына жылдамдық, яғни кептелістерді айналып өту, экологиялық тұрғыдан таза, яғни зиянды газ бөлмеуі, қысқа жолға ыңғайлы екені, қолжетімді баға себеп. 

Jet қосымшасы арқылы картадан жақын самокатты көріп, карта немесе QR арқылы төлеуге болады. Самокаттарда жарық, тежегіш жүйесі бар, ал қосымшада әр сапар жазылып отырады.

Алайда электросамокаттардың жүруіне қарсы тұрғындар жоқ емес. Себебі самокат мінген адамдар кейде жол ережесін сақтамайды. Жаяу жүргіншілер жолында қатты жылдамдықпен жүріп адамды қағып кетіп жатады. Десе де кептеліс кезінде діттеген жерге тез жететін бірден-бір көлік болып отыр. 

Карта

Бұрын адамдар көшеде жол сұрасып, қағаз карталарға қарап бағдар жасаса, енді мобильді қосымшаларды жазып, онлайн карталардан бәрін көре алады. Қазақстандағы ең танымал навигациялық қосымшалардың бірі – 2GIS. Бұл сервис тек көшелерді ғана емес, қала инфрақұрылымын толық қамтитын цифрлық энциклопедияға айналды.

Бұл қосымша арқылы А нүктесінен В нүктесіне жаяу, автокөлікпен, қоғамдық көлікпен жету жолын, коғамдық көлік маршруттарын, автобустар мен троллейбустардың қозғалысын көруге болады. Іздеу деген жерге дүкен, дәріхана, тамақтану деп жазып, өзіңізге қажет орынды таба аласыз. Бұл карта интернет болмаған кезде офлайн да жұмыс істейді. Ол үшін қаланың картасын жүктеп алуыңыз қажет.

Осылайша тұрғындар жолды өздері сызбай карта көрсеткен жолмен жүріп, уақыт үнемдейді. Автобус қашан келетінін алдын ала біле алады. Туристер де қалада еркін жүреді. Сондай-ақ, картаны қолданушылар барған орын туралы пікір қалдырып, басқа адамдардың шешім қабылдауына көмектеседі. Мысалы, дәріхананың рейтингі неге төмен екенін адамдардың жазған пікірінен білуге болады. 

Картадан қай жерде кептеліс, қай жерде жол жөнделіп жатқанын, қайда көлік апаты болғанын көруге болады. Тұрғындар бір жерден екінші жерге қалай баратынын жоспарлап, уақытын үнемдейді.

Цифрландырудың пайдасы мен зияны

Цифрландырудың арқасында көлік қызметі қолжетімді бола түсті. Бұрын шағын қалада такси табу қиын болса, қазір қосымшалар арқылы кез келген жерде көлік шақыруға болады.

Алайда цифрлық көлік мәдениетінің бірқатар қиындықтары да бар. Адамдар смартфон мен интернетке тәуелді бола түсті. Жеке деректертің қауіпсіздігі мәселесі де өзекті болып отыр, себебі алаяқтар көбейді. Технология дамығанымен инфрақұрылым кенжелеп отыр. Мысалы, самокаттар жүретін жол жоқ және оларды қоятын тұрақ аз. Сондықтан оларды адамдар жүретін жолда тастап кетеді.

Адамдардың қауіпсіздігі үшін самокаттарға қатысты жаңа ережелер қабылданды. Енді олардың жылдамдығы шектеліп, қозғалысқа белгілі бір шектеулер қойылды. 

Цифрлық сервистер тек көлік жүйесін емес, сонымен қатар қала тұрғындарының өмір салтын түбегейлі өзгертті. Көлік енді жай қозғалыс құралы емес, заманауи қала мәдениетінің цифрлық әрі ыңғайлы бөлігіне айналды.

 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

lw-3094948329-1

Серіктестер жаңалықтары