Тікелей эфир

Ауыл халқы алтын іздеушілердің ісіне қарсылық білдіріп жатыр

Компания өкілдері халықтың рұқсатын сұрамай-ақ жоспарын іске асыратынын айтқан.

Алматы облысындағы алты ауылдың халқы биліктен өткен ғасырда жабылған кен орнын қайта ашуға ұмтылған кәсіпкерлерді тоқтатуды сұрайды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

"Алтын іздеушілердің ісі экологиялық апатқа әкелуі мүмкін" деп дабыл қаққан жұрт барлауға келгендерді елді мекеннен аластатпайынша жанымыз жай таппайды деп отыр. Ал пайдалы қазбаға барлау жүргізуді көздеген компания өкілдері халықтың рұқсатын сұрамай-ақ жоспарын іске асыратынын айтқан көрінеді.

"Жамбыл ауданында 50 мыңға жуық халық бар. Барлығы сол Қастек өзенінің суын ішеді. Былғанған су ішсек бітті ғой. Қорыту үшін қандай зиянды натрий, калийларды пайдаланатынын бәрі біледі. Оларсыз алынбайды. Ал бізге ондайдың қажеті жоқ", – дейді Қастек ауылының тұрғыны Бейсенбек Смағұлов.

Халықтың айтуынша, түсті металл өндірумен айналысатын жекеменшіктер дәл осы жерге барлау жүргізгісі келіп отыр. Кен орнының қайта ашылуына қарсы болған ауылдықтар оларды бұл маңға жолатпаймыз дейді.

Ал компания өкілдері әзірге тек қандай қазба байлық барын зерттеу үшін сынама ғана аламыз деп сендіреді. Жергілікті жұрт оған да қарсы. Бірақ "халықтың рұқсатын сұрамаймыз" дегендер қолымызда лицензия бар деп отыр.

"Негізі заңды түрде еш жерде жазылмаған халықтың рұқсаты болу керек деген. Мемлекет барлау жұмыстарын жүргізуге лицензия берген. Ол лицензияның уақыты 2025 жылдың аяғында бітеді. Осы уақытта біз барлау жұмыстарын жүргізіп, ішінде не бар, не жоғын толық анықтап, содан кейін мемлекеттің балансына қою керек болады", – дейді "Block One Company" ЖШС директорының орынбасары Мұқан Сәдуақасов.

Бұрынғы кен орындарын зерттеуді қолға алған компания әзірге ауыр техникаларын сайға кіргізіп қойыпты. Бұған дейін талпынғанда халық алдынан бөгеп, кері қайтарған екен. Ауылдықтар енді шахтаға апаратын жолды күні-түні торуылдаймыз дейді.

Ал Жамбыл ауданының әкімдігі мәселеге қатысты құзырлы органдарға шағым жолданғанын, сол себепті кәсіпкерлер әзірге қазба жұмысын жүргізбейтінін хабарлады.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары