Ауыл шаруашылығы өнімдерінің 70 пайызы шикізат түрінде экспортталады – "Атамекен" ҰКП

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Қазақстанда жылыжай шаруашылығын 2-3 есе арттыруға әлеует бар, деді маман.

Қазақстанда тұтынылатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің 40 пайызы шетелден әкелінеді. Бірақ, қазіргі таңда елде импортты отандық өніммен алмастыру және экспорт көлемін ұлғайту әлеуеті бар. Мұндай пікірді "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы Агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Еркін Наурызбеков Алматыда өткен Smart Farm Partnering Roadshow шарасы аясында айтты. 

Оның сөзінше, салаға жаңа технологияларды ендірудің арқасында ауыл шаруашылығының және саладағы өңдеу өнеркәсібінің жалпы ішкі өнімі артып келеді. 

"Ауыл шаруашылығының жекелеген өнімдері бойынша жетістіктер көп. Экспортты ұлғайтуға қадамдар жасалып жатыр. Дегенмен, экспорттың 70 пайызын өңделмеген өнім, яғни шикізат құрайтынын айту керек. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің 30 пайызы ғана өңделіп шығарылады", – деді Еркін Наурызбеков. 

Маманның айтуынша, Қазақстанда жылыжай шаруашылығын дамытуға мүмкіндіктер бар. Қазіргі таңда жеке шағын шаруашылықтарды қоспағанда, жылыжайлардың жалпы аумағы шамамен 1200 гектарды құрайды. Олардың басым бөлігі оңтүстік облыстарда және Шымкент қаласында орналасқан. 


Оқи отырыңыз: Шымкент қаласы мен Түркістан облысында жылыжай шаруашылықтарына субсидия төлеу басталды


Еркін Наурызбеков бұған субсидиялау тетігі негізінде мемлекеттік қолдау үлкен мүмкіндік беріп отырғанына тоқталды. 

"Қазақстанда климаттың әркелкілігі шаруашылықты жыл он екі ай бірқалыпты жүргізуге мүмкіндік бермейді. Кей өңірлерде қысқы температура -40 градусқа дейін жетсе, жазда +40 градусқа дейін жоғарылайды. Бұл жағынан оңтүстік өңірлер жайлырақ, дегенмен жылыжай шаруашылығында арзан жылу көзінің болғаны тиімді. Мемлекеттік субсидия, міне, соны қамтамасыз етуге көмектеседі. Алдағы уақытта жылыжай шаруашылығын 2-3 есе арттыруға әлеует бар деп есептеуге болады", – деді Еркін Наурызбеков. 

Роудшоуға қатысқан Қазақстан жылыжайлар одағының президенті Нұрлан Әділхан Қазақстандағы жылыжайлардың басым бөлігі (шамамен 70 пайызы) үлдір қаптамадан (пленка – автор) жасалған. Қалған жылыжайлар өндірісінде хайтек әдісі (жылыжайды әйнек шыныдан салу – автор) қолданылады. 

"Әрине, ауыл шаруашылығында бүгінде интернет арқылы басқару, дронмен бақылау, жасанды интеллект мүмкіндіктерін енгізу, мобильді қосымша арқылы басқару, роботтандыру мен автоматтандыру сынды көптеген жаңа технологиялар енгізуге болады. Бұл шығымды айтарлықтай арттырады, бірақ шаруаның шығынын да көбейтеді", – деді Нұрлан Әділхан. 

Мәселен, маманның сөзінше, хайтек жылыжайлар салу үшін 1 гектар аумаққа 2 мен 3 миллион еуро аралығында қаражат қажет. Ал бұл ауыл шаруашылығы өнімінің баға саясатына тікелей әсер етеді. 


Оқи отырыңыз: Абай облысында оқушылар "ақылды жылыжай" жасап шығарды


"Сондықтан, біз шаруаларға жаңа технологиялардың қыр-сырын түсіндіріп, оның қайсы дұрыс екенін хабарлаймыз. Ал таңдау шаруаның өзінде қалады", – деді Қазақстан жылыжайлар одағының президенті.

Айта кетейік, роудшоуды ұйымдастыруға Корея республикасы Бас консулдығының коммерция бөлімі мұрындық болса, оған Қазақстан мен Оңтүстік Кореядан бөлек, Қырғызстан мен Өзбекстанның да ауыл шаруашылығы саласы мамандары қатысты. 

Корея Республикасының Алматыдағы бас консулы Ха Тэук смарт фермерлік саласындағы жетекші агротехнологиялар Орталық Азия елдерінде белсенді қолданылып жатқанын атап өтіп, бұл платформа аймақтар арасындағы екіжақты әріптестікті күшейтетініне сенім білдірді. 

"Климаттың өзгеруі, адамзат санының артуымен байланысты әлемдегі жағдай жылдам өзгеріп жатқанда ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуы маңызды. Бұл жағдайда аграрлық салаға смарт технологияларды енгізу қажеттілікке айналып отыр. Бұл Орталық Азия елдері үшін де өте маңызды. Корея ауыл шаруашылығы саласындағы жоғары технологияларға бай. Бұл салада біз тәжірибе жүзінде дәлелденген көптеген жетістіктерге қол жеткіздік және оны бөлісуге дайынбыз. Біздің технологиялар арқылы Орталық Азияны Еуразияның азық-түлік хабына айналдыруға болатынына сенімдімін", – деді бас консул Ха Тэук. 

Серіктестер жаңалықтары