Қазақстанда абаттандырудың жаңартылған үлгілік қағидалары күшіне енді. Енді көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларындағы автотұрақ орындарын шынжырмен, құлыппен немесе басқа да арнайы құрылғылармен қоршауға және жеке меншік ретінде пайдалануға тыйым салынады, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Жаңа талап бойынша, ортақ пайдаланылатын аумаққа көлік қоюды шектейтін кез келген конструкцияны орнатуға жол берілмейді.
Пәтер иелері кооперативтерінің өкілдері мұндай талаптардың бұған дейін де болғанын, алайда іс жүзінде толық орындалмағанын айтады.
Олардың сөзінше, кейбір тұрғындар әлі күнге дейін автотұрақ орындарын өз бетімен қоршап, басқа жүргізушілердің көлік қоюына кедергі келтіріп келеді.
Жаңа ереже аулада көлік қоятын орын таппай жүрген тұрғындардың қолдауына ие болды. Олар заңсыз орнатылған бөгеттердің тезірек алынып тасталуын күтетінін жеткізді.
Енді ортақ пайдаланылатын жерді өз бетінше иеленіп, автотұрақ орнын заңсыз қоршаған азаматтарға 324 375 теңге көлемінде айыппұл салынады. Сонымен қатар заңсыз орнатылған кедергілер мәжбүрлі түрде бұзылып, алынып тасталады.
Бұл талаптар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 136-бабына сәйкес қолданылады.