Алматының Әуезов ауданында бос тұрған учаскеде "Халық қатысатын бюджет" жобасы аясында жаңа қоғамдық кеңістік салынады. Бұл туралы Әуезов ауданының тұрғындарымен кездесуде қала басшысы Ерболат Досаев мәлімдеді.
Қабдолов көшесі бойымен Саин көшесінен Өтеген батыр көшесіне дейін жалпы ұзындығы 1,5 км жаңа жаяу-серуендеу аймағы пайда болады. Мұнда тротуар аймағы абаттандырылып, балалар мен спорт алаңына орындықтар мен урналар қойылады. Құрылыс осы жылдың қазан айында аяқталады.
Әуезов ауданында "Халық қатысатын бюджет" жобасы аясында биыл жалпы сомасы 2,8 млрд теңгеге 57 жоба іске асады. Атап айтқанда, 100-ден астам үйді қамтитын 10 қоғамдық кеңістік пен 47 аула аумағы жабдықталады.
Оқи отырыңыз: Астанада тағы бір көше уақытша жабылады
Жалпы биыл Алматыда "Халық қатысатын бюджет" жобасына 18,8 млрд теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,8 млрд теңгеге артық. Қала тұрғындары аулаларын, қоғамдық кеңістіктерін абаттандырып, спорт пен ойын алаңын құру бойынша 364 жобаны ұсынуға және іске асыруға мүмкіндік алды.