Тікелей эфир

Аудан әкімі лай көшкіні туралы: Жоғарыдағы үлкен үйлер себеп болуы мүмкін деген болжам бар

Жеке тұрғын үйді лайдан тазарту және адамдарды іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин Алматыда "Тау Самалы" шағын ауданындағы Олимпийская көшесі бойында болған лай көшкініне не себеп болуы мүмкін екенін айтты. 

"Апат болған жерлердің бәрін тазартып жатырмыз. Бір-екі сағатта апатқа ұшыраған үйлерді толығымен тазалап, жоғарғы жақта түсіретін жерлерге қатысты жұмыстар атқарылады. Кешке дейін комиссия жұмыс істейді. Жоғарғы жақта қандай қауіпті жерлер барын анықтап, кешке дейін қосымша ақпарат береміз. Үйде төрт адам болуы мүмкін деген ақпарат бар. 16 жастағы егіз екі бала аудандағы №48 мектепте оқыған. Мектеп директоры осында. Бүгін олар мектепке бармаған. Ата-анасымен үйде қалған. Қазір ер адамның мәйіті табылды. Нақты кім екені әлі толық анықталмады", – деді Медеу ауданының әкімі.

Еркебұлан Оразалин үйдің 60 пайызы тазаланғанын, негізгі күрделі ашу жолдары анықталғанын айтты.

"Бір-екі сағатта толық ашылады. Кешке дейін толық тазартып, түске дейін жоғарғы жақтан түсіретін жерлерді бастай береміз. Қасындағы үйлерге қауіп жоқ. Түсіретін жердің өзі де төмендегі орналасқан жер үйлерге ешқандай қауіп келтірмейді. Жоғарыда толық бітпеген ғимараттың заңдылығын анықтау керек. Апатқа жоғарғы жақтағы үлкен үйлер себеп болуы мүмкін деген болжам бар. Бір үйді толық басып қалып тұр. Қасында орналасқан көпқабатты үйдің ауласы толығымен лайланып, ішіндегі көліктің барлығы жарамсыз болып қалды", – деді ол. 


Оқи отырыңыз: Алматыдағы лай көшкіні: бір адамның өлі денесі табылды


Аудан әкімі соңғы рет бұл аумақта 2009 жылы осындай жағдай болғанын айтты.  

"Бұл таулы мекен болғандықтан жоғарғы жақтағы үйлердің кейбіреуінде су бар, кейбіреуінде суқұбырлар жоқ. Бірақ су бар үйлердің өзінде құбырды өздері салған, мемлекет балансында емес. Сол себепті мемлекеттік ұйымдар тарапынан дер кезінде шара қабылданбаған. Былтырдан бері су құбырын және кәріз жұйесін қарастыратын жоба әзірлеп жатырмыз. Биыл наурыз айында сараптамадан өтіп, келешекте осындай жағдайлар болмас үшін екінші тоқсаннан бастап құрылысқа кірісу жоспарда бар", – деді Еркебұлан Оразалин.

Медеу ауданының әкімі лай көшкінінің бірнеше себебі болуы мүмкін дейді. Комиссия жан-жақты зерттегеннен кейін нақты жауап беретінін айтты.

"Су құбырынан басқа жоғарғы жақтан жаңбыр суын дұрыс бағытталмауы қосымша фактор болып отыр. Үшіншіден, жоғарғы жақтағы толық салынып бітпеген үй бар. Осының бәрін зерттеу керек", – деді ол.

Еске салсақ, 8 ақпанда Медеу ауданының "Тау Самалы" шағын ауданындағы Олимпийская көшесі бойында техногендік сипаттағы топырақтың лайлануы салдарынан лай көшкіні болған. Әкімнің тапсырмасы бойынша болған оқиғаның себептерін тексеру және  лай көшкіні салдарын жою бойынша арнайы топ құрылды.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары