Тікелей эфир

Атырауда мешітте діни-экстремистік идеологияны насихаттаған ер адам ұсталды

44 жастағы күдікті бұған дейін де осы экстремистік ұйымның қызметіне қатысқаны үшін сотты болған.

Атырауда полицейлер "Таблиғи жамағат" діни-экстремистік ұйымының идеяларын таратты деген күдікпен ер адамды ұстады, деп хабарлады Polisia.kz.

Аталған қозғалыс Үндістан және Пәкістан елінен шыққан, идеология азаматтық құқықтар мен міндеттерден (отбасын қамтамасыз ету, ата-анаға қамқорлық жасау, балаларды тәрбиелеу, білім алу, тұрақты жұмыс істеу және т.б.) бас тарту арқылы үздіксіз миссионерлік қызметке негізделеді.

Ұйым Қазақстанда экстремистік деп танылып, дәстүрлі моральдық құндылықтарға қатер төндіретін ұйым ретінде сот арқылы тыйым салынған.

"Жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде ұсталған азаматтың мешіттерде діндар жастармен әдейі кездесіп, үйлеріне шақырып, экстремистік әрекеттерге тарту мақсатында "Таблиғи жамағат" идеологиясын насихаттағаны анықталды", – делінген хабарламада.

Тұрғылықты мекенжайын тінту кезінде сот шешімімен тыйым салынған діни мазмұндағы кітаптар мен электронды материалдар тәркіленді.

44 жастағы күдікті бұған дейін де осы экстремистік ұйымның қызметіне қатысқаны үшін сотты болған. Экстремизмді жүзеге асыруға байланысты сот шешімімен тыйым салынған діни ұйымды ұйымдастыру және оның қызметіне қатысу белгілері бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр.

Өзге ақпарат тергеу мүдессіне сәйкес жария етілмейді.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары