Атырау қаласында жетінші сынып оқушысы жаттығу кезінде қайтыс болды. 13 жастағы Абдулазиз Тасболат баскетбол ойнап жүріп кенеттен құлап, жедел жәрдем келгенше жүрегі тоқтаған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Қайғылы оқиға таңғы уақытта баскетбол академиясында болған. Жаттығу кезінде балалар екі командаға бөлініп, ойын бастаған. Сол сәтте допқа таласқан Абдулазиз аяқ астынан жерге құлап қалған. Академия медбикелері дереу алғашқы медициналық көмек көрсеткенімен, жасөспірім оқиға орнында көз жұмды.
Баскетбол академиясының басшысы Ольга Пастухтың айтуынша, марқұм бұл секцияға екі жылдан бері тұрақты қатысып келген және жаттығу алдында денсаулығына ешқандай шағым білдірмеген.
"Академияға келген барлық бала ата-аналары арқылы медициналық анықтама тапсырады. Абдулазиздің де барлық құжаттары болған, жаттығу алдында өзін жақсы сезінген", – деді ол.
Кейін белгілі болғандай, марқұм туа біткен жүрек ақауымен диспансерлік есепте тұрған. Ол 2016 және 2021 жылдары жүрегіне екі мәрте операция жасатқан. Атырау қалалық емханасының міндетін атқарушы директоры Асылхан Кучикованың айтуынша, баланың спортпен айналысуына учаскелік дәрігер рұқсат берген.
"Бала тұрақты бақылауда болған. Анасы баласының спортты жақсы көретінін айтып, медициналық анықтама алған", – деді ол.
Қазіргі таңда оқиғаның мән-жайы тексеріліп жатыр.
USD:
463.1 / 465.9
EUR:
543.0 / 548.0
RUB:
6.05 / 6.17