Тікелей эфир

Атырау облысында шаруалар малын суару үшін мұз оюға мәжбүр

Аудан әкімі суға шөліркеген мал арасында шығын болғанын жоққа шығарды.

Атырау облысы Индер ауданының шаруалары дабыл қақты. Олардың айтуынша, биыл қыста аудандағы төрт түлік жаппай қырылып қалуы мүмкін, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.

Арна тілшісінің хабарлауынша, биыл Атырау облысындағы шаруалардан маза қашқан. Өйткені, өңірде қар түспей, ал қақаған аяздан су арналарының бетіне мұз қатқан. Соның кесірінен Индер ауданының тұрғындары мал суаратын жер таппай, амалдың жоғынан мұзды қолмен оюға кіріскен.

Алайда, арнадағы су деңгейі тым төмен, тіпті 1 метрге де жетпейді. "Оны шұғыл суға толтырмаса, бұл қыстан түлігіміз аман шықпайды" дейді шаруалар.

"Бізге су керек, малдың бәрі шөлдеп жатыр. Мұзды ойып, суарып келіп жатырмыз. Су болмағасын түйеден сүт те шықпайды. Судан күйіміз кетіп тұр", – дейді Айман есімді шаруа.

Тұрғындардың сөзінше, мұндай жағдай былтыр да болған. Тіпті су таппаған мал қырылған. Бірақ, соған қарамастан жергілікті биліктің қамсыз отырғанына қынжылады.


Оқи отырыңыз: СҚО-да тағы індет: төрт түлік мал белгісіз аурудан қырылып жатыр


Ал аудан әкімінің мәліметінше, бұған дейін судың жетіспеушілігінен мал шығыны болмаған. Қазір "Қазсушар" мекемесімен бірге арналарды суға толтыру жұмыстары қолға алынған. Айта кетейік, Индер ауданында 150 мың бас төрт түлік бар.

"29 желтоқсан күні Бағырлай каналына су жіберу жұмыстары басталды. Бұл жерде атап өтерлік мәселе, қазір екі жүзбелі пантон сорғы орнатылған. Соның біреуі қосылды. Екіншісіне дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар 3 қаңтар күні аудандағы "Ақсай" каналына су айдау жұмыстары басталды. Күні бүгінде "Алғабас – Жорық" каналына су айдау үшін жұмыстар жүргізілуде. Қазір сорғылары дайындалып жатыр", – деді Атырау облысы, Индер ауданының әкімі Дарын Шамұратов.


Оқи отырыңыз: Жұт, аштық және Ақтабан шұбырынды. Қазақ неге қоян жылынан қорқады?


Бұған қоса әкім Бөдене ауылдық округіне қарайтын "Алғабас – Жорық" каналына су жіберу үшін электр-тоқ жүйесін қосу жұмыстары жүргізілгенін айтты. Әкімнің айтуынша, су жіберу жұмыстарына 3 техника, 22 қызметкер жұмылдырылады. 

Серіктестер жаңалықтары