Қала Мемлекет басшысы белгілеген міндеттерді орындау аясында жолдарды, инженерлік желілер мен әлеуметтік нысандарды белсенді түрде жаңартып келеді.
"Қазақстан біртұтас үлкен құрылыс алаңына айналуы керек. Еліміздің барлық өңірінде ауқымды құрылыс жұмыстарын бастау қажет. Алдағы бірнеше жылда құрылыс қарқыны барлық аймақты қамтиды. Азаматтар қажетті әлеуметтік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілуге тиіс", – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында.
2026 жылғы қаңтар-қыркүйек айларындағы мәліметтерге сәйкес, Атырау қаласының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 39,3%-ға өсіп, 491,4 млрд теңгеге жетті. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 328,7 млрд теңгені құраған. Ал орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 218,7 млрд теңгеден асты.
Қалада жалпы құны 207 млрд теңгеден асатын 17 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Оның төртеуі пайдалануға берілді. Олар: INJU медициналық кешені (3 млрд теңге), "КЕНЕН ИНТЕРНЕШНЛ КЕТРИНГ" ЖШС-нің стретч-худ үлдірін шығаратын зауыты (13 млрд теңге), "Аружан" супермаркеті (600 млн теңге) және "Белкина" ЖК-нің өндірістік-қойма базасы (950 млн теңге).
Жыл соңына дейін тағы 13 нысанды іске қосу жоспарланып отыр. Олардың қатарында құны 153,6 млрд теңге болатын "HuaLin Energy Ltd" ЖШС-нің газ поршеньді электр станциясы, 2 мың орындық Binom Barys мектебі (13,3 млрд теңге), сондай-ақ пластмасса, жылу алмастырғыштар, ет және геоторлар өндіретін зауыттар бар.
Жолдар мен инженерлік желілер
Атырау қаласындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1634,9 шақырымды құрайды. Оның 1553 шақырымы немесе 95%-ы қатты жабындымен қамтамасыз етілген. Қазірдің өзінде Бейбарыс даңғылынан Атырау – Астрахань тасжолына дейінгі 2,4 шақырымдық жол пайдалануға берілді. Еркінқала-2, Зарослый-1 және Алмалы ауылдық округтеріндегі 20 көшеге (15 шақырым) асфальт төселді. Атырау – Астрахань тасжолының қала ішіндегі 6,4 шақырымдық учаскесін қайта жаңғырту және Құттығай батыр көшесін жөндеу жұмыстары аяқталды.
Сонымен қатар Атырау – Индер тасжолын кеңейту, Азаттық, Молдағұлова, Абай және Гагарин көшелерін жөндеу жұмыстары жалғасуда. Қаланың 100 көшесінде 52 мың шаршы метр жол жабыны жаңартылды.
Инженерлік желілер де жаңғыртылуда. Жыл соңына дейін Самал шағынауданындағы 16 үйге (жұмыстың орындалу деңгейі – 85%) және Береке шағынауданындағы 216 пәтерлі үш үйге (95%) инженерлік коммуникациялар тарту жоспарланған.
Жұлдыз 1/2 шағынауданында жоспарланған 66 шақырым кәріз желісінің 61 шақырымы төселді. Геолог және Мирас шағынаудандарында 26 шақырым құбыр тарту жұмыстары толық аяқталды, сорғы станцияларының желілерін салу жалғасуда. Нысан желтоқсан айында пайдалануға берілсе, 8180 тұрғын орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылады.
Тағы бір ауқымды жоба – "Ерік-Мостовой". Оның аясында ашық арнаның 16 шақырымы жаңбыр суын бұру және суару инфрақұрылымы бар жабық гидрожүйеге айналдырылады. Арна маңында саябақтар, жаяу жүргіншілер және веложолдар, заманауи жарықтандыру жүйесі бар демалыс аймағы құрылады.
Әлеуметтік инфрақұрылым және жұмыспен қамту
Атырау қаласының халқы 435 858 адамға жетті. Үш ауысымды оқыту мәселесін шешу мақсатында "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында Еркінқала-2, Көктем және Дамбы елді мекендерінде жаңа мектептер ашылды. Апатты жағдайдағы ғимараттардың орнына тағы төрт мектептің жобасы әзірленуде. Олардың қатарында әрқайсысы 1500 орынға арналған №11 және №30 мектептер бар.
3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші 100%-ға жетті. Сонымен бірге Өрлеу, Талғайран, Құрманғазы, Жұлдыз-2 және Ақсай-2 шағынаудандарында бес балабақша салынуда, тағы үш балабақшада күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.
Өркен және Нұрсая шағынаудандарында ауысымына 250 келушіге арналған екі емхана, үш жедел жәрдем қосалқы станциясы және облыстық онкологиялық диспансердің радиологиялық корпусы салынуда.
Құрылыс саласының дамуы кәсіпкерлікке де серпін беріп отыр. Қалада 41 787 шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді, олар 98 336 адамды жұмыспен қамтып отыр. "Іскер аймақ", "Өрлеу", "Агробизнес" және "Бизнес аймақ" бағдарламалары арқылы кәсіпкерлер өндірісті дамытуға жеңілдетілген қаржыландыру алады.