Мәжіліс депутаты Самат Мұсабаев киіз үйде түсірілген видеоны Бас прокуратура мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті тексеріп, құқықтық баға беруі керектігі жөнінде депутаттық сауал жолдады.
"Бабадан қалған ең қастерлі мұрамыздың бірі – киіз үй еді. Сан ғасыр бойы хандарымызға еңсесі биік ақ орда, халқымызға құт ұялаған баспана болған сол киіз үйге және басқа да құныдылқтарымызға ақпараттық шабуыл да басталды. Күні кеше оюлаған киіз үйде ұлттық киім киіп, жартылай жалаңаштанып, ойқастаған үшеудің әлеуметтік желіні шарлаған бейнеролигі исі қазақтың ашу-ызасын тудырып отыр. Халықтың бұған наразылығы әбден орынды", – деді Самат Мұсабаев.
Самат Мұсабаев видеоролик ЛГБТ насихатына тосқауыл қоймақ талапқа деген ашық қарсылық екенін айтты.
"Бұл – өскелең буынды өз ұлттық құндылықтарынан жеріндіру әрекеті. Таяуда қоғам белсенділері ЛГБТ насихатына қарсы петиция жариялаған еді. Небәрі 2 аптада осы талапты қолдап, 50 мың қол жиналды. Бұл – ЛГБТ-нің елімізге қажетсіз әрі жат құбылыс екендігінің, оған халықтың ашық қарсылығының анық көрінісі. Алда өтетін петиция қорытындысын қарау отырысына қоғам белсенділерін, ұлт жанашырларын белсене қатысуға шақырамын", – деді парламент мәжілісінің депутаты.
Самат Мұсабаев құқық қорғау органдары бейнеролик кейіпкерлерін, оларды ұйымдастырушыларды, түсіру тобын, идея авторларын тауып, заңға сәйкес қатаң жазалау қажет деп санайды.
"Бұдан былай ұлттық құндылықтарымыз – домбыра, қобыз, киіз үй, ұлттық киім, ұлттық тағам секілді асыл жәдігерлерімізді қандай да теріс мақсатта пайдалану, мазақ ету, ұлт намысына қол сұғу ұлттың беделін түсіруге бағытталған қылмыстық әрекет деп бағаланып, қылмыстық жауаптылықпен жазалануға тиіс. Бас прокуратурадан, Ұлттық Қауіпсіздік комитетінен аталған бейнеролик бойынша құқықтық баға беріп, оған қатысты нақты шара қолдануды сұраймыз. Ата дәстүрімізге қол сұғу – ұлттық қауіпсіздігімізге нұқсан келтіру, ұлттық құндылықтарды түбірімен жоюмен тепе-тең. Қазақ – домбыра, қазақ – ұлттық дәстүр, қазақ – киіз үй, ою, ұлттық киім. Осының әрбіріне жасалған қастандық біз үшін ауыр қылмыспен тең", – деп сөзін түйіндеді ол.